"Кінәсіздік презумпциясы далада қалды". Сотқа тартылған дәрігер Қаншайым Мұсаеваның ісі

Қаншайым Мұсаеваның "Алатау" балалар санаторийінің директоры болған кезде түскен суреті. Сурет шипажайдың ресми сайтынан алынды.

"Жәбірленушісі жоқ, залалы анықталмаған" іс бойынша екі аптада куәгерден күдіктіге айналып, процеске қатысы жоқ адамның айыптау жазбасынан соң ұсталған дәрігер ісінде заңбұзушылықтар бар ма? Ұзақ жыл сырқат балаларды күтіп, зейнетке шығуына бірер жыл қалғанда "лауазымын теріс пайдаланды" деп айыпталған Қаншайым Мұсаеваға ондаған дәрігер мен ата-ана араша сұрап жүр.

БАЛАЛАР МЕКЕМЕСІНДЕГІ "ОПЕРАЦИЯ"

Алматының тау бөктеріндегі науқас балаларға арналған "Алатау" шипажайының тынышын биыл 28 қаңтарда күтпеген қонақтар бұзды. Әдетте сырқат баласын жетектеген ата-анадан басқа бөтен ешкім жүрмейтін тұйық жол түбіндегі мекеме алдынан жұмысшылар түске таман бір топ адамды байқайды. Кейбірі әскери формада, балаклава киген. Жеті-сегіз адам шипажайдың үшінші қабатына – әкімшілік отыратын жерге апыр-топыр көтеріледі.

– Ішіндегі біреуі "Фатима қайда?" деп айқайлап, бас бухгалтерді іздеді. "Кімсіңдер?" деп сұрағанымда, қызмет куәлігін көрсетті, – дейді күзетшінің бірі.

"Алатау" балалар шипажайы. Алматы, 10 наурыз 2021 жыл.

Олар қылмыстық іс аясында мекемеде арнайы операция жүргізуге келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері еді. Агенттік қызметкерлері мекеме әкімшілігін екі кабинетке бөліп тастайды: қауіпсіздік қызметінің басшысы, директор орынбасары мен экономист – бір кабинетте, мекеме есепшілері бөлек – өз кабинетінде қалады. Олар есепшілерді тергеп, артынша тінту кезінде құжаттар мен компьютерлерді тәркілейді. Денсаулығына байланысты жұмысқа келмеген директор Қаншайым Мұсаеваның кабинетін де тінтіп, құжаттарды суретке түсіріп, кейбірін алып қояды. Үшінші қабатта отыратын мекеме әкімшілігінің қызметкерлері операция болған күні түскі асқа шыға алмаған.

– Бухгалтерлер кабинетінде не болып жатқанын білген жоқпыз. Бізді кабинеттен шығармады. Жұмыс уақыты аяқталғанда бір-ақ жіберді. Олардың қашан кеткенін білмейміз, – дейді операция куәгерінің бірі.

Жұрт сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің балалар мекемесінде жүргізген операциясы жайлы агенттіктің өзінен не басқа ресми органнан емес, Қазақстандағы балалар омбудсмені Аружан Саиннан білді. 15 ақпанда Саин Facebook парақшасында тінту кезінде түсірілген екі суретті тіркеп, санаторий басшылығын ашық айыптайтын жазба жариялады.

"Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік операция жүргізіп, "Алатау" республикалық клиникалық балалар санаторийіндегі қаржы жымқыру, азық-түлік сату мен балаларға арналған басқа да заттарды сату фактілеріне дәлел жинады" дейді Саин.

Осы жазбаға сілтеп, бұл хабарды қазақстандық басылымдар жаппай тарата бастады. Қоғамда резонанс тудырған жазба жайлы да, операция жөнінде де агенттік біразға дейін үн қатпады.

"КЕШІККЕН" РЕСМИ ХАБАР

Ресми орган алғашқы мәлімдемені Саин жазба жарияланғаннан 11 күн өткен соң, 26 ақпанда таратты. Агенттік тергеушісі Данияр Биғайдаров баспасөз брифингінде "Алатау" санаторийі директорына қатысты "сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын, оның үйқамаққа алынғанын" хабарлады.

– Ол 2015-2021 жылдары жеке пайда табу мақсатында қызмет өкілетін пайдаланып, аса ірі көлемде қаржы иемденген деген күдікке ілінген. Қаржыны балалардың ата-аналары мекемеде тұрғаны, тамақтанғаны және емделгені үшін берген, – деді ол.

"Алатау" санаторийі директоры Қаншайым Мұсаеваны агенттік қызметкерлері 19 ақпанда ұстаған. 59 жастағы дәрігер екі күн уақытша ұстау изоляторында отырып, бұлтартпау шарасын анықтау бойынша 21 ақпанға белгіленген сот отырысын күтеді. Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Мұсаеваны екі айға үйқамаққа жіберген. Адвокат Жанна Уразбахованың бұл шешіммен келіспейтіні туралы шағымын сот қанағаттандырмады. Адвокат егде жастағы адамға мұндай шара қабылдауды "қысым" деп бағалайды.

– Оларға (сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті айтады – ред.) Мұсаеваның кінәні мойнына алғаны керек болып тұр. Сол үшін осындай қадамға барды. Себебі кінәсін дәлелдейтін басқа айғақ жоқ. Созылмалы дерті бар адамды үйқамаққа алу адамгершілікке жатпайды. Себебі егде жастағы адам дәрігерге қаралып тұруы тиіс. Ал үйқамақта отырған адам дәрігер көмегіне жүгіне алмайды. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік күшін көрсеткісі келеді, – дейді ол.

Мұсаева қарт шешесі, қатерлі ісікке шалдыққан күйеуі және қызымен Алматы шетіндегі аудандардың бірінде тұрады. Сот үйқамаққа жібергенде сыртқа шығуға, бөгде адамдармен қандай жолмен болса да байланысуға тыйым салған. Сот кезінде судья "қызметкерлер кез келген уақытта барып тексеруі мүмкін" екенін ескерткен. Мұны естіген Қаншайым Мұсаева, қызының айтуынша, телефон ұстамай жүргенін, бөлек тұратын ұлымен де сөйлесуді қойған.

– Анам күйзелістен қажып кетті. Қатты уайымдап жүр. Денсаулығы нашарлады. Онсыз да ауруы көп еді, қазір тіптен ушықты. Көзінің тартуын тоқтата алмай жатырмыз. Үйде дәрі беріп, күтімін жасап отырмыз. Өзін мықты ұстап отыр, – дейді Зәуреш.

Дәрігер Қаншайым Мұсаева қызы Зәуреш Мұсаевамен бірге. Сурет отбасы архивінен алынды.

30 жастағы Зәуреш – Қаншайым Мұсаеваның екі баласының тұңғышы. Ол іс туралы үйіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілдері тінтуге келгенде бір-ақ білген.

– Анам бұл жайлы ешкімге ашып айтпапты. "Бір қателік кеткен ғой, әділ тергеу жүргізіп, адал жұмыс істейтінімді көрер. Бәрі орнына келеді" деп ойлапты, – дейді қызы.

ЕРТЕ ШЫҚҚАН "ҮКІМ"

"Алатау" балалар шипажайы бойынша "Алаяқтық" бабымен қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік биыл 27 қаңтарда тіркеген. Іс қозғауға, адвокат Уразбахованың сөзінше, мекеменің бұрынғы қызметкерлерінің – бухгалтер мен кассирлер сөзі себеп болған. Адвокаттың айтуынша, агенттік істі шипажайға "әлдебір залал келгені расталмай-ақ" тіркеген. "Не біреудің жазған арызы, не жәбірленуші, не келген залал жоқ. Соған қарамастан іс қозғап отыр" дейді адвокат.

Денсаулығына байланысты демалыста болған шипажай директоры Мұсаеваны сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері санаторийде тінту болған күні, 29 қаңтарға қараған түні тергеуге шақырады.

– Тергеген жоқ, "кінәсін" мойындату үшін қысым көрсетті, – дейді адвокат.

Үш аптадан соң, 19 ақпанда істегі бап аяқ астынан өзгеріп, Мұсаеваға Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша, яғни "лауазым өкiлеттiгін теріс пайдаланды" деген айып тағады.

– Ештеңе дәлелдей алмаған соң істегі бапты ауыстырып жіберді. Бас прокуратура бұйрығы бойынша, бұлай етуге болмайды. "Бір баппен іс тіркеп, ешқандай айғақ таба алмасаңдар, басқа бапқа ауыстыруға болмайды" деп бас прокурор бірнеше рет түсіндірген, – дейді Уразбахова.

Агенттік қызметкерлері сол күні, 19 ақпанда күндіз Мұсаеваны тергеуге шақырады. Дәрігерді тергеу аяқтала сала ұстаған.

Процесс жабық өтіп жатыр, сондықтан іс материалдарымен танысу мүмкін емес. Адвокат та, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік те істің жай-жапсарын ашып айтпайды.

Бірақ іске қатысы жоқ үшінші тарап – балалар омбудсмені Аружан Саин желідегі парақшасына дәрігер ісіне қатысты рас-өтірігі белгісіз егжей-тегжейлі дерек жариялады. Омбудсмен "Қаншайым Мұсаева мен қол астындағы қызметкерлері жыл сайын санаторий қаржысын жымқырған" деп жазады. Саин "ата-аналар балаларымен бірге тұруға, тамағы мен еміне төлейтін ақшаны шипажай бюджетіне енгізудің орнына өздері иемденіп, қалтасына басқан. Бұл балаларға жасалатын жағдай мен еміне әсер етпей қоймады. [...] Азық-түлікті сатқан. Балалардың қалай тамақтанып жүргенін елестете аласыздар ма?" дейді.

Ол мұны "қолда бар ақпаратына" сілтеп жазады. Саинның бұл деректерді қайдан алғаны белгісіз. Азаттық шипажайдағы операция мен іс деректері Аружан Саин қолына қалай түскенін сұрап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке сауал жолдаған. Әзірге жауап келмеді.

"Алатау" балалар шипажайының әуеден қарағандағы көрінісі.

Адвокат Жанна Уразбахова Саинның ешкімнің кінәсі әлі дәлелденбегенін ескерместен, құпия деректерді жария еткеніне шамданады.

– Кінәсіздік презумпциясы деген бар. Үкім күшіне енбей тұрып, адамды "қылмыскер" деуге болмайды. Түсінбейтінім, іске еш қатысы жоқ үшінші тарапта іс материалдары қайдан жүр? Бұл – жабық іс. Деректерді ол қайдан алған? Ол кезде әлі "куәгер" болған адамның тегін жазбасында неге атайды? Ол адамның іске тартылғанын қайдан біледі? Шипажайда жүргізілген тергеу операциясының суреттерін оған кім берген? Бұл – Конституцияға қайшы, – дейді адвокат.

Аружан Саин жазбасының астында омбудсменнің үкім шықпаған істегі күдіктілерді біржақты айыптауын сөккен ондаған комментарий бар. Ауыр дертке шалдыққан балаларды құтқарумен айналысатын "Help Today" қоғамдық қорының директоры Эльмира Әлиева дәрігердің "куәгерден" "күдіктіге" айналуына "Саин жазбасынан кейін пайда болған қоғамдық шу әсер етті" деп санайды. Әлиева 1 наурызда түсірген видеоүндеуінде "Аружан ханым, айтыңызшы, сізге бұл деректерді жариялауға прокурор рұқсат берді ме? Қолыңызда қаулы болды ма? Әлге тергеуге қатысушысыз ба? Сізге жеке деректерді жариялауға құқық берілді ме?" дейді. Директорға араша түскен кейбір азамат "омбудсмен бұл іске мүдделі" деп топшылайды. Саин Әлиеваның да, басқа дәрігерлердің де сұрақтарына жауап бермеген.

Омбудсмен Азаттық сауалын да жауапсыз қалдырды. Редакция Аружан Саиннан іс материалдарын қайдан алғанын бірнеше рет сұраған еді. "Кінәсі дәлелденбеген адамды айыптау Конституцияға қайшы деп ойламайсыз ба?" деген сауал да қойды. Бірақ ол "жұмыстан қолы тимей жатқанын" айтты.

– Комментарийді іс қаралып болған соң беремін... Балаларды қорғауға кіріскенде бізге қарсы шабуыл басталуы алғаш емес. Мен көнемін. Бастысы – нәтиже, – деп Саин қысқа қайырды.

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның Қарағанды бөлімшесінің жетекшісі, заңгер Юрий Гусаков кінәсі дәлелденбеген адамды айыптауды Қазақстандағы "құқықтық мәдениет" деп сипаттайды. Оның сөзінше, сот кейіннен ақтайтын не кінәлі деп табатын күдіктіні қоғам үкім шыққанға дейін-ақ қаралап тастайды. Заңгер мұны "жан түршігерлік фактілерді" жұртқа жайғысы келетін, бірақ "кінәсіздік презумпциясынан хабары жоқ журналистер мен құқық қорғау органы қызметкерлерінен" көреді. Гусаков "омбудсмен Аружан Саин балалар құқығы бұзылғанын көзімен көрсе, жазсын, бірақ сот өтпей жатып нақты қызметкердің аты-жөнін атамауы керек еді" дейді.

– Себебі ол қызметкердің мекемедегі заңбұзушылықтарға қатысы болмауы да мүмкін. Мұны сол адамның жасағанын тергеу, нақты органдар айғақтармен дәлелдеуі керек, – дейді Гусаков.

2 наурызда Зәуреш Мұсаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа анасының ісі жайлы хат жолдады. Зәуреш балалар омбудсменінен кінәсі дәлелденбеген адам туралы қаралайтын ақпарат таратудың қаншалықты заңды екенін анықтап, оның жауапкершілігін қарастыруды сұрайды. Президенттен әзірге жауап келмеген.

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР СӨЗІ

"Алатау" санаторийі қаладағы ең қымбат аудандардың бірінде орналасқан. Мекеме ғимараты қала орталығынан 12 шақырым жерде, Іле Алатау баурайындағы Кіші Алматы шатқалында тұр.

"Алатау" балалар шипажайы. Алматы, 10 наурыз 2021 жыл.

2011 жылғы 27 маусымда Алматыда жойқын дауыл болды. Қатты жел үйлердің шатырын ұшырып, құлаған ағаштар көліктерді қиратты. Апаттан тау бөктеріндегі "Алатау" санаторийі де қатты зардап шекті. Ғимараттың шатыры ұшып, терезелері сынды. Санаторий аумағында 150-ден аса ағаш құлаған. Толассыз жауған жаңбырдан ғимарат іші көгеріп, жарамсыз болып қалды.

Кейін үкімет шипажайды толық жөндеуден өткізіп, 2012 жылдың желтоқсанында қайта ашты. 2013 жылы "Алатау" санаторийінің сол кездегі директоры зейнетке шығып, оның орнына сал болып туған балаларды оңалтумен айналысатын "Балбұлақ" республикалық орталығында жұмыс істеп жүрген неонатолог дәрігер Қаншайым Мұсаева тағайындалады.

Таудағы шипажай алдына келген адамға бірден байқалмайды: мекеме ғимараты қақпадан екі жүз метрдей ары орналасқан. Биік ағаштар көлегейлеп тұрған ғимараттың қызыл шатыры мен сары қабырғасы әрең көрінеді.

Азаттық тілшісі мекеме ішіне кіруге екі рет сұранғанымен, директор орынбасары рұқсат еткен жоқ. Күзетші шипажай аумағын аралап шығуға да кіргізбеді.

Есік алдында қызметкерлерді тосқан Азаттық тілшісімен сөйлесуге көбі ықыласты болмады. Мұсаева туралы сұраған Азаттық тілшісіне күзетші "Жақсы адам еді ғой" дегеннен басқа ештеңе демеді.

Санаторийде тәрбиеші болып істейтін Гүлжанат Қасымқызы – Қаншайым Мұсаеваны қолдап, оған биліктен араша сұрап видео түсірген ондаған адамның бірі. Ол "шипажай жағдайын жақсартуға көп еңбек сіңірген" директорының ұсталғаны туралы жаңалықты естігенде сенбегенін айтады.

– Апаттан соң ашылған жылдары көмір жақтық. Бізде қазандық болатын. Сол кісі жүгіріп жүріп, газ қостырды. "Әкімдікке бардым, бермеді, рұқсат бермеді" деп күйініп келетін. Бір күні қуанып келді. "Қыздар, бізге газ қосатын болды" деді. Шынымен қуандық. Таулы жер болған соң жаз ортасында да суық күндер болады ғой. Сол кезде "балалар тоңбасыншы" деп, пеш қосып қоятын. Үйдегідей жағдай жасайтын, – дейді тәрбиеші.

Гүлжанат Қасымқызының (сол жақта) Қаншайым Мұсаевадан марапат алып тұрған сәті. Жеке архивтегі сурет.

Гүлжанат уақыт өте келе сырқат балаларға жасалатын ем-дом түрі де көбейгенін айтады.

– Сол кісі келгелі республикалық санаторий бар екенін біле бастады. Алматыдан да, өңірлерден де келіп жатты. Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар осы кісінің кезінде пайда болды. Бұл кісі "санаторийді республикалық емес, халықаралық жасасақ қалай болады? Сендер үш тілді үйреніңдер" дегені есімде. "Бассейн салдырсам, мына жерде мынадай істесем, балаларға күшті болатын еді" деп жүретін. Арманы көп еді. "Осы кісі қызық, үйіндегі арманы емес, жұмыстағы арманы көп" деп айтататынмын, – дейді ол.

Тәрбиеші директорын "балажан адам" деп сипаттайды.

– Біз бірдеңені дұрыс істемесек "Ұялмайсыңдар ма, сендер бала қарап отырсыңдар. Аманатқа қиянат жасауға болмайды" деп ұрысатын. Директор болған соң кейде айқайлайды. Айқайламаса, жұмыс бітпейді. Жақсы жұмыс істесең, марапат та беретін, – дейді ол.

"Алатау" шипажайында ем алған балалардың ата-аналарының хаты.

Қаншайым Мұсаеваның парақшасына сырқат баласы санаторийде болғанын айтқан ондаған азамат комментарий жазған. Оның бәрі Мұсаева басқаратын мекемеде "баласына жақсы жағдай жасалғанын, тойымды тамақ беріліп, балалар қамқорлық көргенін" айтады. Бұрын да, Мұсаева шипажайға директор болып келген соң да дәрігерден "тек жақсылық көргенін" айтқандар "тағылған айыпқа сенбейміз" деп, оның "тезірек босап шығуына" тілектес екенін білдіреді.

Интернетте түрлі жылдары санаторий жайлы сыни пікірлер де жазылған. Мысалы, Марина Карелина есімді азамат "Тамағы нашар. Қызметкерлердің қатынасы да солай. Балалар аш жүреді" деп жазады.

Тәрбиеші Гүлжанат мұны жоққа шығарады.

– Балаларға тамақ барынша берілетін. "Ақша жинадық" деген әңгіме де болған емес. Апай [қанша жыл өтсе де] директор болып келгендегі баяғы қарапайым түрімен қалды, – дейді тәрбиеші.

Аты-жөнін көрсеткісі келмеген екі қызметкер де Қаншайым Мұсаеваға тағылған айыптарға сенбейді. Күзет қызметінде істейтін азамат жаңалықты естігенде "абдырап қалғанын" айтады.

– Ол үнемі бірінші орынға баланы қоятын. "Балалар, балалардың қамы" деп қана жүрді. "Балалар аш жатыпты" деген әңгіме қайдан шықты? Мүмкін емес. Әрине, барлық қызметкердің не істеп жүргенін бақылай алмайсың. Бірақ Қаншайым Мұсаеваның мұндайға қатысы бар дегенге еш сенбеймін. Өте жақсы басшы еді. Қайырымдылық қорларынан, демеушілерден сұрап жүріп, санаторийге әткеншек, ойыншықтар алдыратын. Қызы екеуі Франция елшілігі жабылғанда санаторийге сапалы жиһаз, техника тасыған. Бар уайымы санаторий болатын, – дейді ол.

Жабылған Франция елшілігі емес, ондағы экономика бөлімі еді. Онда Қаншайым Мұсаеваның қызы Зәуреш істеген. 2019 жылы елшіліктегі экономика бөлімі жабылғанда сондағы жиһаздарды – үстел, орындық, кресло мен парталарды Зәуреш анасының жұмыс орнына қайырымдылық ретінде берген.

– Үшінші қабатта отырған қызметкерлердің бәрінде сол жиһаз тұр. 2016 жылы жұмыс орнымыздағы компьютерлерді жаңартқанда техникаларымызды санаторийге тегін жібердік. Анам жұмысынан ештеңе әкелген емес, керісінше тапқанын санаторийге таситын, – дейді ол.

"ОЯНЫП КЕТКІҢ КЕЛЕДІ"

Зәуреш інісі екеуінің ерте есейгенін айтады. "Бұған анамның жұмысы әсер етті" дейді өзі.

– Көбіне түнгі ауысымға кетіп қалатын. Шала туған балалардың күтімін жасады. Кейде қатарынан бірнеше күн үйде болмайтын. Біз ауырып қалсақ, укол салатын да, жұмысына кететін. "Махаббатына сусадым" деп те айта алмаймын. Оның махаббаты бәріне жететін, – дейді Зәуреш.

Ол анасының үстінен іс қозғалғанын естігенде басқа әріптестері төбеден жай түскендей әсерде болғанын айтады. Қазір Қаншайым Мұсаеваның әлеуметтік желідегі парақшасы ондаған дәрігердің видеосы мен қолдау хатына толы. Бұрын Мұсаевамен бірге жұмыс істеген дәрігерлер оның "балалар өмірін жақсарту үшін өлшеусіз еңбек сіңіргенін" айтып, соттан әділдік сұрайды.

Қаншайым Мұсаева "Алатау" балалар шипажайы қызметкерлері ортасында. Жеке мұрағаттағы сурет.

"Оны 10 жылдан бері танимын" деген маман Мұсаеваның "мыңдаған баланың өмірін аман алып қалғанын" айтып, "бұл істі оны қаралау деп санаймын" дейді. "Ол күні-түні жұмыс істеді. Қажет болса, жексенбі күні де жұмысқа шығатын. Бәріне көмектесіп жүретін... Мұндай адамның оған тағып отырған айыпқа қатысы болуы мүмкін емес" дейді дәрігерлер.

Олар әлеуметтік желідегі жазбасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, Алматыдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті, Қазақстанның Бас прокуратурасын, денсаулық сақтау министрлігі мен премьер-министрді, мәжіліс депутаттары мен елдің адам құқығы жөніндегі уәкілді белгілейді. Дәрігерлер үндеуіне әзірге ешқайсы жауап берген жоқ. Азаттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен директорға айып тағуға қандай айғақтар барын сұрағанымен, жауап әзірге келмеді. Шипажайға иелік ететін денсаулық сақтау министрлігі 2015-2021 жылдары тексеру жүргізген-жүргізбегенін, не анықталғанын білмек болып, ол ведомствоға да хат жолдаған. Министрлік те әзірге жауап қатпады.

– Жұртты алдай алмайсың. Анамды қолдаған мыңдаған комментарий жазылып жатыр, – дейді Зәуреш.

Оның сөзінше, сот бөгде адамдармен байланыстың кез келген түріне тыйым салған соң анасы әріптестерінің араша сұрап, қолдау білдірген видеоларын көре алмайды. "Бірақ мен дәрігерлердің не дегенін айтып беремін. "Бәрі сенің жағыңда" деймін. Естіген сайын жылайды" дейді Зәуреш. Ол отбасының қазіргі күйін былай сипаттайды:

– Жұмысыңды адал істесең, мұндай жағдайға тап болмайсың деген сенімде болдық. Жылдар бойы соған сеніп келдік. Өзіміз заң бұзбасақ, құқығымыз сақталады деп ойладық. Бірақ мына жағдай басымыздан өткен соң олай емесіне көзіміз жетті. Қазіргі қорқынышты түс көріп жатқандай күйдеміз. Оянып кеткің келеді.

Мұсаева ісі бойынша соттың қашан басталары әзірге белгісіз. Сот оны кінәлі деп тапса, 59 жастағы дәрігер екі жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.