Журналист сауалнама үшін жазаланды. Бұл сөз бостандығын шектеу ме?

"Уральская неделя" газетіне иелік ететін "Журналистік бастама" серіктестігінің басшысы Тамара Есләмова. Азаттық архивіндегі фото.

АЭС құрылысы туралы референдум қарсаңында, 3 қазан күні Орал қалалық соты жергілікті "Уральская неделя" газеті "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп тауып, басылымға 110 мың теңге айыппұл салды. Газет 30 қыркүйекте YouTube-арнасында және Telegram-аккаунтында жарияланған, халық арасында АЭС құрылысы мен референдум жөнінде блиц-сауал жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Бұл жайт журналистер қауымы арасында "сайлау не референдум қарсаңында жұрттың ой-пікірін сұрап, сауал қоюға болмай ма?" деген заңды сұрақ туғызды.

70 минутқа созылған сот процесінде "Уральская неделя" газетіне иелік ететін "Журналистік бастама" серіктестігінің басшысы Тамара Есләмова редакция блиц-сауал жариялағанын жоққа шығармаған. Бірақ бұл әрекеті заңға қайшы емеc екенін айтып, тағылған айыпқа келіспеген.

Есләмова сот процесін аудиоға жазып алыпты. Онда айтылғандарға қарағанда, прокурор Д.М.Тәжімбет "Уральская неделя" жариялаған блиц-сауалға қатысқандар "бір адам не екі адам емес, әдетте сұхбатқа бір не екі адам болмаса алдын ала ескертіліп қатысады…" деп ұстанымын түсіндірген.

Прокурор блиц-сауалда "Уральская неделя" журналистері нақты мекенжайы айқындалмаған жерде бейтаныс адамдарды тоқтатып, оларды алдын ала хабардар етпей, сұхбат жазылатынын ескертпестен, жеке пікірін сұрағанын айтып, бұл әкімшілік іс қозғауға негіз бола алады деп тұжырым жасаған.

Адвокат Мереке Ғабдуалиев.

Есләмованың адвокаты Мереке Ғабдуалиев судьядан редакция жариялаған видеода АЭС құрылысын қолдауға не оған қарсылық танытуға үгіттейтін элементтер бар я жоғын анықтау үшін психологиялық-филологиялық сараптама жүргізуге рұқсат беруді сұраған. Судья сараптама жүргізу өтінішін орындамаған.

Прокурор "Сайлау туралы" заңның 28-бабының "Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы" деген 9-тармағын алға тартып, "Уральская неделя" журналистерінің өнімі осы ережеге қайшы деп мәлімдеген.

Тамара Есләмова сот процесі кезінде журналистік блиц-сауал мен қоғамдық пікірді анықтауға бағытталған әлеуметтік зерттеу сауалнамасының ара-жігін ажыратып, түсіндіруге тырысқанын айтты. Бірақ оның және адвокатының аргументтері сот шешімін шығару кезінде ескерілмеген.

– Біз [прокурормен] мүлдем екі түрлі тілде сөйлестік, екі бөлек тілде. Олардың келтірген аргументтерін түсінбедім. Бұл логикаға қайшы, ешқандай ақылға сыймайды, – деді Тамара Есләмова Азаттыққа.

"Уральская неделя" газетінің редакторы Тамара Есләмова. Орал, 24 наурыз, 2012 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Кейін адвокат Ғабдуалиев судьядан "Республикалық референдум туралы" заңның 7-бабы 1-тармағына орай, әр азаматқа референдумға шығарылған мәселе бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепілдік берілгеніне назар аударуын сұраған.

– "Масс-медиа туралы" заңның 2-бабында нақты жазылған. Сөз бостандығына және шығармашылықпен айналысуға Қазақстан Конституциясында кепілдік беріледі. Әрбір адам ақпаратты заң аясындағы жолмен алуға және таратуға құқылы... Біз [видеода] қала тұрғындарын көрдік. Кейбіреуі республикалық референдумды қолдайтынын айтты, кейбіреуі қарсы екенін жеткізді, ал тағы бірі оның не екенін білмейтін болып шықты. Жариялауға тұрарлық танымдық материал. Бұл үшін ешкімнен рұқсат сұраудың қажеті жоқ, – деді адвокат сот барысында.

Сонымен қатар, адвокат Ғабдуалиев прокурор сілтеген "Сайлау туралы" заңның 28-бабының 9-тармағы журналистік жұмысқа емес, арнайы әлеуметтік зерттеуге қатысты екенін айтқан. Содан соң судья адвокаттан "мұнда [видеода] сауалнама жоқ деп ойлайсыз ба?" деп сұраған.

– "Журналистік бастама" 9-тармақта көрсетілген әрекетке бармаған. Өйткені "Журналистік бастама" құрамында әлеуметтанушылар жоқ, олар ешқандай байлам жасаған жоқ, – деп жауап берген адвокат судья сұрағына.

БЛИЦ-САУАЛНАМА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ САУАЛНАМАСЫ. ЕКЕУІНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Әлеуметтану институттары қоғамды алаңдататын мәселелер бойынша адамдардың ой-пікір, көңіл-күйін анықтау мақсатымен сауалнама жүргізеді. Мәселен, сайлау қарсаңында қай үміткер саяси бәсекеде алда келе жатқанын не олар ұсынған қай реформа қоғамда қолдау тапқанын анықтау үшін сауалнама көмегімен әлеуметтік зерттеу жүргізіледі.

"Көшедегі журналистер алатын блиц-сауал мен қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын сауалнаманың айырмашылығы жер мен көктей. Біріншісі кездейсоқ адамдардың тақырыпқа байланысты ой-пікірін білу мақсатында жасалады және ол бір сюжетке қосымша комментарий ретінде алынады. Бірақ ол – зерттеу емес", – деді PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

АЭС жөніндегі қоғамдық тыңдауда "Қазақстан халқы АЭС жөніндегі референдумге қарсы" деген жазу ұстап тұрған белсенді. Алматы, 16 тамыз, 2024 жыл.

Бейсембаев жетекшілік ететін PaperLab зерттеу орталығы былтыр қазанда АЭС салу жөнінде қоғам пікірін сауалнама жүргізу арқылы анықтаған. Сол кезде PaperLab зерттеушілері MediaNet халықаралық журналистика орталығы жанындағы Demoscope қоғам пікірінің экспресс-мониторинг бюросымен бірігіп, кездейсоқ түскен 1100 қазақстандықтың байланыс нөміріне телефон шалып, әрқайсысымен 10-15 минуттан сөйлескен.

"Бұған жауап берген адамдардың жынысы, жасы, ұлты, тілі әртүрлі [болды] және Қазақстандағы демографиялық көріністі мейлінше қамтуға тырыстық. Бізге жауап берген адамдардың түрін, дауысын көрсетпейміз. Тек қорытынды түйін ретінде 1000-нан астам адамның орташа пікірін көрсетеміз", – деді ғалым.

Екі институт жүргізген зерттеуге қатысқандардың 46,6 пайызы АЭС салуды қолдайтынын, ал 37,7 пайызы қарсы екенін білдірген. Биыл PaperLab зерттеу орталығы референдум қарсаңында қоғамдық пікірді анықтау үшін әлеуметтік зерттеу сауалнамасын жүргізу мақсатында Орталық референдум комиссиясына тағы өтініш берген. Бірақ комиссия рұқсат етпеді.

Ондағы себеп – зерттеу орталығы халықаралық көздерден қаржы алады.

Бейсембаев "Уральская неделя" редакциясына қатысты істің саяси астары бар деген пікірде. Ол "көшедегі жұрттан пікір алу – журналистикаға тән жанр, сондықтан тек "Уральская неделя" журналистерінің видеосына бөле-жара шұқшиып, оларға айыппұл салу – нақ соларға бағытталған шектеудің түрі" деді ол.

Қазақстандағы БАҚ еркіндігі тақырыбына Мирас Нұрмұханбетов салған карикатура.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Уральская неделя" ісі бойынша Жоғарғы сотқа хат жолдаған. Онда басылымға тағылған айыптауларды "кәсіби журналистік қызметті қате түсінудің нәтижесі" деп атап, алаңдаушылық танытқан. Құспан көтерген бастаманы мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Ермұрат Бәпи және парламенттің тағы төрт мүшесі қолдаған.

"Сұхбат – журналистік жанр, ол қоғамдық пікірді жүйелі зерттеуді көздейтін сауаланамадан ерекшеленеді. Бұл жағдайда журналистер өз кәсіби міндетін орындап, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша жеке азаматтардың пікірін жария етті" деп жазған депутат Жоғарғы сотқа жолдаған хатта.

Астанадағы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры бұл істе жергілікті редакцияны қолдап отыр. Қор өкілдері сот пен прокуратура заңдағы нормаларды қате түсінген деп ойлайды.

Азаттық "Уральская неделя" редакциясына тағылған айып бойынша бас прокуратураға, ал сот шешіміне қатысты Жоғарғы сотқа ресми сауал жолдады. Әзірге екеуінен де жауап келген жоқ.

"Уральская неделя" жетекшісі Тамара Есләмова сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Оны Батыс Қазақстан облыстық соты қарамақ. Әзірге нақты күні белгіленбеген.

– Журналистерге бұл тапсырманы бергенде, прокуратураның дәл осылай әрекет ететін шығар, мені жазалауы да мүмкін деп шамаладым. Олай істегендері дұрыс емес деп есептейтіндіктен мен осылай жасадым. Біз бұған келіспеуіміз керек деп санаймын, сондықтан блиц-сауал алдық. Біз, журналистер, бас редакторлар, осындай шектеулерді үнемі бізге тақата жылжытып, еркіндігімізді тарылта беретініне көнбеуіміз керек, – деді Есләмова.

Ол "осы оқиға [заңдағы] шектеуді қайта қарауға себеп болады деп үміттенетінін" айтты.

БҰЛ ІШКІ ЦЕНЗУРАҒА ЖЕТЕЛЕЙ МЕ?

3 қазанда Орал қалалық соты шығарған шешім журналистер қауымы арасында "сайлау не референдум қарсаңында ел ішінде сауалнама жүргізуге болмай ма?" деген заңды сұрақ туғызды.

"ҚазТАГ" ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "Республикалық референдум туралы" заңға биыл толықтыру енгізілгеннен бастап, блиц-сауал аламыз деп тәуекелге бас тікпеген жөн деген шешім қабылдағанын айтты.

– Пікір сұрау сауалнама болып көрінбесін деген оймен нақты пікірді жеке-жеке жариялаймыз. Қудалауға ұрынбаудың осындай амалын жасап жүрміз, – деді ол Азаттыққа.

Қасенов жергілікті биліктің "Уральская неделя" редакциясын сотқа тартқанын журналистерге бағытталған қысымға жатқызды.

– Мемлекет бұл жағдайда қоғамда біртұтас пікір болғанын қалайды және осындай іс-әрекетімен өз ұстанымына сай келмейтін пікірлерді жоқ қылуға тырысып жатыр, – деді Қасенов.

Қазақстандағы БАҚ жағдайы тақырыбына Мирас Нұрмұхамбетов салған карикатура.

"Жас Алаш" қоғамдық-саяси басылымының журналисі Тұрсынбек Башар да бұл жайтты Қазақстанда БАҚ өкілдерінің еркіндігін шектеуге бағытталған үкімет әрекеті деп бағалауға болады деген пікірде. Ол биліктен қысым болғанымен, журналист ақпарат тарату міндетін атқара беруі керек деп есептейді.

"Бұл ішкі цензураның қалыптасуына әбден түрткі болатын жағдай" деді Башар.

"Бас редакторлар клубы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті әрі парламент сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай әлеуметтік сауалнама мен блиц-сауалнаманы шатастырмау керек екенін айтты. Ол заңда қате ұғым жоқ, тек "оның орындалуында кемшілік көп" деді.

Депутат Жексенбай Азаттықтың "бұл редакцияда, журналистер арасында ішкі цензураның қалыптасуына негіз болуы мүмкін бе?" деген сұрағына жауап бермеді. Әйткенмен ол Жоғарғы сотқа сұрау салатынын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Эфиопия мен Ливияның арасы. Баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан