Газадағы соғыс Орталық Азияның қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

Израиль күштерінің әуе шабуылынан қираған үйлердің төңірегінде жүрген адамдар. Газа секторы, 8 қазан, 2024 жыл.

Израиль Газа секторында АҚШ пен Еуроодақ "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС тобына қарсы соғыс бастағалы бір жыл өтті. Биыл қыркүйектен бері Израиль мен "Хезболла" тобы арасында әскери іс-қимыл үдеді. АҚШ бұл топты да террористік ұйымдар тізіміне қосқан.

Газа секторындағы соғыс Орталық Азиядағы террористік және экстремистік топтар мен олардың идеологиялық қызметіне қалай әсер етеді? Өңір мемлекеттері қандай қауіп-қатерді ескеруі керек?

Экстремистік ұйымдарды зерттеумен айналысатын қырғыз сарапшысы, "Орталық Азиядағы жихадизм анатомиясы" кітабының авторы Уран Ботобеков Азаттыққа Чикагодан сұхбат беріп, осы тақырыпта ой бөлісті.

– Уран мырза, жыл басында ағылшын тілінде жазған мақалаларыңыздың бірінде қызық ой бар. Онда "Газа секторындағы соғыс Орталық Азиядан алыс болғанына қарамастан, Израиль мен ХАМАС арасындағы текетірес өңірдегі діни жағдай мен қауіпсіздікке әсер етеді" дедіңіз. Осы ойыңызды тарқатып айтып бере аласыз ба? Соғыс өңірге қалай әсер етеді?

Сарапшы Уран Ботобеков

– "Дипломатта" жарияланған мақаламда не айтқым келді? Бірінші мәселе қауіпсіздікке байланысты. Иерусалим мен Газада болып жатқан оқиғалар Орталық Азияға тікелей әсер етеді. Бұл өңірдегі жихадшы террористік ұйымдардың белсенділігін арттырады. Олар Газадағы жағдайды сылтауратып, өз пайдасына жаратуға тырысады.

Осыған байланысты Газа секторында кикілжің басталғалы, "Ислам мемлекеті" эктремистік ұйымының Хорасан бөлімі өңірдегі ықпалы мен террористік қызметін күшейтті. Мәскеу, Түркия мен Ирандағы жарылыстарды террористік ұйымдарға постсоветтік елдерден барып қосылған азаматтар жасады. Осыған дейін айтқанымдай, олар Израильге қарсы идеология мен Газа секторындағы кикілжіңді пайдаланып, өз идеологиясын нығайтып алды. Болашақта Қырғызстан мен Орталық Азияның басқа да мемлекеттері үшін мұның қаупі мен салдары жоғары болады.

– Орталық Азия елдері қандай қауіп-қатерге назар аударуы керек?

– Орталық Азия мемлекеттері ислам әлемінің бір бөлігі саналады. Бұл бізге ұнаса да, ұнамаса да, Израильдегі немесе Иерусалимдегі оқиғалар БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы талқыланып жатыр.

Өңір мемлекеттері ең алдымен Орталық Азиядағы жихадшы экстремистік ұйымдарға жіті назар аударуы керек.

Ауғанстан, Сирия мен Таяу Шығыстағы жихадшы ұйымдар осы мәселені сылтауратып, Ауғанстан арқылы Орталық Азияда жихад қызметін бастауы мүмкін деген қауіп бар.

"Әл-Қаида" террористік ұйымының басшысы Абдулла Аззам Ауғанстанға барып, "Палестина жихады" конценциясын таныстырған. Олар кезінде Совет үкіметі мен әскеріне қарсы күрескен.

Аззам – "Әл-Қаида" идеологиясының негізін қалаған. Ол осы идеологияны дамытып, "Әл-Қаиданы" ғаламдық террористік ұйымға айналдырды. "Әл-Қаидадан" бөлініп шыққан "Ислам мемлекеті" террор тобы да үлкен қауіпке айналды.

Осы қауіпті ескеріп, Орталық Азия мемлекеттері қауіпсіздік мәселесіне келгенде, тығыз әріптестік орнатуы керек деп ойлаймын. Өңірдегі жихадшылар қазіргі жағдайды, оның ішінде Батыс пен Ресей арасындағы кикілжіңді, Газа секторындағы соғысты пайдалануға тырысады.

Газа секторындағы Жабалия босқындар лагері аймағы. 31 қазан, 2023 жыл.

– Халықаралық террористік ұйымдардың Орталық Азиядағы бөлімдері мен аймақтағы экстремистік ұйымдардың Газа секторындағы соғысқа қатысты ұстанымында айырмашылық бар ма? Олар соғысты өз мүддесіне қалай пайдалануы мүмкін?

– Жақсы сұрақ. "Әл-Қаида", "Ислам мемлекеті" ұйымдарының Палестинадағы дағдарысқа өз көзқарасы бар. Осыдан олардың ХАМАС, "Хезболла", Иран және шииттермен қарым-қатынасын көруге болады.

Мәселен, Әл-Қаиданы алайық. Орталық Азиядағы жихадшы ұйымдардың бәрі ("Катибат ат-Таухид әл-Жихад" немесе "Катибат Имам әл-Бухари", "Катибат-әл-Гураба", Ислам жихады одағы, Түркістан Ислам партиясы) "Әл-Қаидаға" қарайды. Бәрінде бір идеология. Бұл ұйымдардың көзқарасы "Әл-Қаиданың" Газа мен ХАМАС-қа қатысты позициясымен ұқсас. Мысалы, олар Сирияда шииттерге қарсы соғысты. Кеше Израиль Ливанда "Хезболлаға" пейджер көмегімен шабуыл жасағанда, шииттерді мазақ қылып, "сүнниттерден асып түсетіндеріңді неге көрсете алмадыңдар? Дауыстарың шықпай қалды ғой, жағдайларың осы" деп күлді.

Бұл идеяны өзбектер мен қырғыздардан құралған "Ислам жихады одағы" айтты. "Катибат-әл-Имам-Бухари" басшысы Абу Юсуф Мухаджи бұл тақырыпта 5-6 мәлімдеме жасады. Олар әр сөзінде шииттерге, "Хезболла" мен Иранға қарсы екенін көрсетіп отыр.

"Әл-Қаида" Газа секторындағы кикілжіңге қалай қарайды? Бұл әрине, ғаламдық террористік ұйым. Ол ғаламдық халифат құрғысы келеді. ХАМАС Газа секторындағы сайлауда жеңіске жеткенде, "Әл-Қаида" қатты сынға алған. Олар ХАМАС-ты "Демократия заңдары бойынша өткен сайлауға қатысып, солардың заңдарына бағындыңдар" деп сөкті.

Бірақ "Әл-Қаида" былтыр 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылын қолдады. "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы ХАМАС-тың көзқарасы, құрылымы мен сайлауға қатысуына қарсы. Ең бастысы, "Ислам мемлекеті" ХАМАС-тың Иранмен әріптестігін, "Хезболламен" тығыз байланысын қолдамайды.

Бірақ Газа секторындағы, Әл-Ақса мешітіне қатысты бұрыннан шешілмей келе жатқан кикілжің шииттер мен сүнниттерді, жалпы ислам әлемін біріктіретін сияқты. Мәселенің кей тұсына келгенде, бірлік жоқ. Ислам әлемінде бірлік болмаған соң, террористік ұйымдар арасында қайшылықтар бар.

– Қазіргі жағдайды, өңірде "Ислам мемлекеті - Хорасан" сияқты террористік ұйымдардың қатысуымен шабуылдар болғанын ескерсек, терроризмге қарсы күрес өңірлік және ғаламдық деңгейде қаншалық алға ілгеріледі?

– Әлем, қоғам өзгеріп жатыр. "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы территориясының негізгі бөлігінен айырылып қалғанымен, идеологиясы мен жергілікті ықпалын сақтап қалды. Олардың ықпалы керісінше, күн өткен сайын артып келеді. Қазір ең қауіпті кезең деп ойлаймын.

Мысалы, "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы "Әл-Қаида" сияқты бірнеше ұйымға бөлінген. "Бұл ұйым – біздің ұйым" деудің орнына, ғаламдық террористік өңірді басқару жүйесі өзгеріп жатыр. Олар әлемнің кез келген бөлігінде өздеріне адал адамдарды қолдайды. Жаңа стратегия құрылды. Енді олар Батыста, Еуропада, Америкада немесе Орта Азияда болсын, өздеріне адал болуға ант ішкен кісілерді өз әскері санайды. Олар жасаған терактілер мен қылмыстарды ұйымның жетістігі көреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия мен Талибан арасы қалай жақындап барады?

"Ислам мемлекеті" өз территориясынан айырылды. Бірақ қазір бұрынғыдан да қауіпті тактикаға көшті. Ресейдегі Волгоград түрмесінде тәжік және өзбек азаматтардың қатысуымен болған оқиға, Дағыстандағы атыс, полиция қызметкерлеріне шабуыл арқылы "Ислам мемлекеті" "біз әлі бармыз" дегенді көрсетіп отыр.

Америкалық әріптестерімізбен тығыз байланыста болып, бұл тақырыпта пікір алмасып отырамыз. Олардың пікірінше, ең үлкен қауіп – ғаламдық, виртуалды шабуылдар.

Орталық Азия елдері қауіп төндіріп отырған ұйыммен тығыз байланыста болып, оның идеологиясы мен өзгерген іс-қимылын зерттеуі керек. Ресей үкіметі мен жергілікті билік мигранттарға қатты қысым көрсетіп жатыр. "Ислам мемлекеті" ұйымы осының бәрін өз мүддесіне, идеологиясы мен пропагандасына пайдаланады.

Сұхбат алған – Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Кубат Қасымбеков