Краснодар өлкесінде қоймадан өрт шықты. Украина қарулы күштері ресейлік дрондар тұрған орынды соққылағанын хабарлады

Көрнекі сурет.

Ресейдің Краснодар өлкесінің Ейск ауданында Октябрь ауылындағы қойма қатты өртенді. Куәгерлердің сөзінше, жойқын жарылыс естілген, қойманың айналасы қоршалған. 1600 шаршы метрлік өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, қойманың өртенуіне Украинаның теңіз-әскери күштерінің соққысы түрткі болған. Қоймада 400 дана "Шахед" дроны сақталған деп айтылады. Қоймаға соққы жасалғаннан кейін дрондар да жарылып, "жарылыс үстіне жарылыс" болған.

Сәрсенбіге қараған түні BBC ақпарат агенттігі жергілікті телеграм-арналарға сүйене отырып, Ейскіге дрондармен жаппай соққы жасалғанын жазды. Журналистер Ейск ауданында әскери аэродром барын, бұған дейін талай рет соққыланғанын айтқан. Алайда Краснодар өлкесінің жедел штабы BBC ақпаратын фейк деп атаған. Сәрсенбі күні штаб өкілдері қойманың өртенгенін растады. Тұрғындарға қауіп жоғы айтылды.

Сәрсенбі күні кешке Ресей әскері Одесса облысындағы порт инфрақұрылымына соққы жасады. Соққы нәтижесінде Панама туы ілінген азаматтық контейнер тасымалдаушы бүлінген. Алты адам опат болған, 11 адам жараланды деп жазды аймақтың әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Кипер. Оның сөзінше, бұл кейінгі төрт күндегі азаматтық кемеге жасалған үшінші шабуыл.