Апелляция соты белсенді Асылбек Жамұратовтың үкімін өзгертпеді

Белсенді Асылбек Жамұратов

Апелляция соты 8 қазанда белсенді Асылбек Жамұратовқа шыққан үкімді күшінде қалдырды деп хабарлады оның адвокаты Нұрлан Рахманов.

– Апелляция алқасы біз келтірген дәйектердің ешқайсысын қабылдамады, оларды негізсіз деп санап, соның негізінде үкімді өзгертпеді, – деді Рахманов.

Ол бұл жөнінде 8 қазанда Алматы облысы сотының ғимаратына барған белсенділерге айтқан.

Асылбек Жамұратов былтыр 30 қарашада ұсталып, содан бері қамауда отыр. Алматылық кәсіпкер, белсендіге "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру" және "Тыйым салынған ұйым қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу" баптары бойынша айып тағылған. Тамызда Алматы облысындағы Қонаев қаласының соты оны жеті жылға бостандығынан айырып, бес жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды.

Жамұратовтың сот процесі басталғаннан кейін көп ұзамай жабық өтеді деп жарияланды. Белсендінің адвокаттары мұндай шешімге наразы болды. Qaharman Kz құқық қорғау бастамасының мәліметінше, айыптаушы тарап сотта құпия куәгерді көрсетпеген (ол қауіпсіздік үшін жабық сот өткізуді сұраған), іс материалдарында да ол құпия куә туралы жазылмаған.

"Сот кабинеті" онлайн-сервисінде Жамұратовтың ісі "жабық" тұр.

Qaharman Kz бастамасының жазуынша, белсендінің саяси қудалауға ұшырағандар мен олардың отбасына гуманитарлық көмек көрсеткені – оны қудалауға ілік болған "негіздердің бірі".

Жамұратовтың адвокатының айтуынша, қорғау тарапы апелляциялық сотта бірнеше өтініш түсірген, олар сотты ашық өткізуді де өтінген. Олардың пікірінше, бірінші сатыдағы сот процесті заңсыз әрі негізсіз жабық қылған. Қорғау жағы сонымен бірге іс бойынша объективті дәлелдер жоқ екенін де мәлімдеген, алайда апелляция алқасы қорғау тарапының өтінішін орындамаған.

"Апелляция соты қалалық сот шешіміне сүйеніп, процесті жабық түрде жалғастырды", – деді адвокат.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді Асылбек Жамұратовтың соты "істегі куәнің қауіпсіздігіне" байланысты жабық өтеді

Құқық қорғаушылар Асылбек Жамұратов ісінің саяси астары бар деп санайды. Биыл сәуірде қазақстандық құқық қорғаушылардың сараптау тобы Жамұратовты "саяси тұтқындар" тізіміне қосты. Ресми Астана "елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды" дейді.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, кәсіпкер және белсенді Жамұратов пікірлестерімен бірге тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" ұйымын партия етіп тіркеуге өтініш берген. 2022 жылдан бері түрлі өңірдегі белсенділерге материалдық қолдау көрсеткен. Ол бір мессенджерде 11 адамнан тұратын чат ашқан, оған Еуропада тұратын қуғындағы оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов та кірген.

Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған, Еуроодақ резолюцияларында ол ұйымды бейбіт оппозиция деп атаған.

Бұған дейін Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі экстремизм мен терроризмге қарсы заңнаманы асыра пайдаланып, оны үкіметті сынағандарды қудалауға қолданып отыр деп мәлімдеген. Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан құқық қорғау ұйымы Қазақстанға бірқатар ұсыныс білдірген, нақтырақ айтқанда, күш көрсету сипаты жоқ қылмыс жасаған деп сотталғандарды тізімнен шығарып, ұлттық заңнамадағы "экстремизм" түсінігінің анықтамасын қайта қарауды ұсынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көк тиынсыз қалдыру". HRW есебінде "экстремизмді қаржыландырушылар" тізіміндегі адамдарға қойылған шектеулерді сынады