Тоқаев жеңістің 80 жылын атап өтуді және Таразда ТМД елдері жәрмеңкесін өткізуді ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері кеңесінде сөз сөйлеп отыр. Мәскеу, 8 қазан, 2024 жыл. Ақорданы фотосы

Мәскеуде өтіп жатқан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдері кеңесінің жиынында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей ТМД-ға төрағалық еткенде нәтижелі жұмыс істегені үшін Ресей президенті Владимир Путинге алғыс айтты. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. Тоқаев "ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту – Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі" деп мәлімдеген.

Тоқаев Астана Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылысын құптайды деді.

2023 жылғы қыркүйекте Әзербайжан 1990-жылдардан бері де-факто өзіне бағынбай келген Таулы Қарабақ аймағына бақылау орнатып, онда тұратын 100 мыңдай армян Арменияға кетіп қалған. Содан бері екі ел арасында бейбіт келісім жасау жайы түрлі деңгейде талқыланып келеді.

Қазақстан президенті кездесуде ТМД-ны "жаһандық ынтымақтастық пен даму процесіне елеулі үлес қосып келе жатқан" ұйым деп атап, оның форматын "ТМД +" деген форматпен кеңейте түсуді ұсынды.

Бұдан бөлек Тоқаев ТМД елдері арасында сауда-саттықты арттырудың бір жолын айтты. "Жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары" деген Қазақстан президенті ТМД басшыларына "Достастық жәрмеңкесі" атты бағдарламаны істеуді ұсынды.

– Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қаласында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды торап болғандықтан "керуеншілер қаласы" деп те аталған, – деді Тоқаев.

Ол кездесуде ТМД елдерінің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салалары мен бағыттарын үнемі кеңейтіп отырған жөн деп мәлімдеді.

Қазақстан президенті студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту бойынша "Достастықтың академиялық астанасы" деген жаңа бағдарлама бастауды да ұсынды.

Тоқаев сондай-ақ 2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығын атап өтуге байланысты ойын айтты.

– Бұл – достастық елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы күн. Еркіндік пен әділдік салтанаты нышанына баланатын мазмұнды мереке. Әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы ТМД төрағалығын Тәжікстанға беруді, кезекті саммитті Душанбеде өткізуді қолдайтынын айтқан.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы - 1991 жылы СССР тарағаннан кейін оның орнына құрылған саяси ұйым. Ұйымның ресми сайтында оған қатысушы елдер қатарында одақтас 11 ел көрсетілген, ішінде Украина мен Молдова да бар. 2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялаған соң Украина ТМД құрамынан шығатынын жариялап, 2018 жылы біржола шықты. Ал Молдова 2022 жылдан бері ұйым құрамынан шығып жатыр. Мәскеудегі ТМД кеңесі жиынына тек 9 ел - Армения, Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанның мемлекет және үкімет басшылары қатысқан.