Тоқаев Мәскеудегі ТМД саммитіне барды

Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мәскеудегі ТМД саммитінде. 8 қазан 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барды деп хабарлады оның баспасөз қызметі.

"Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысуға Үлкен Кремль сарайына келді" деп жазылған Ақорданың 8 қазандағы хабарламасында.

Армения премьер-министрі мен Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттерінің Кремльге жиналған сәтін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) атқарушы комитетінің сайты тікелей трансляцияда көрсетті.

"Көшбасшылар достастық шеңберіндегі өзара қарым-қатынастағы негізгі мәселелер бойынша пікір алмасады және өңірдегі, халықаралық өзекті мәселелерді талқылайды. 2025 жылғы ТМД төрағалығын Ресейден Тәжікстанға беру жөнінде шешім қабылданбақ" деп хабарлады Кремль.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путин ТМД елдері президенттерімен және үкімет басшыларымен бейресми түрде сөйлеседі деп хабарлады. Бұл туралы "Ведомости" басылымы жазды.

Жиын Ресей президентінің туған күнімен тұспа-тұс келді. Ақорданың телеграм-арнасы 7 қазанда 72 жасқа толған Путинге Тоқаевтың құттықтау жолдағанын жазған.

Қазақстан президенті Мәскеуге елде АЭС салу туралы референдум өткеннен кейін сапарлап барды. Орталық референдум комиссиясы 8 қазандағы отырысында елде атом электр станциясын салу бойынша өткен референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдаған. Бұған дейін үкімет АЭС құрылысына Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея компанияларының өтініші қаралады деп хабарлаған.