Скляр: Қазақстанда АЭС салу жөніндегі консорциумға бес елден артық кірмейді

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр парламент жиынынан соң журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 5 маусым 2024 жыл.

Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумға қатысатын елдер 2025 жылы белгілі болады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 8 қазанда үкіметте өткен брифингіде осылай деп мәлімдеді. Ол консорциумға ең көп дегенде бес ел кіреді деген болжам айтты.

– Атом электр станциясы – бір ғана нысан емес. Ол бірқатар нысаннан тұрады, оның құрылымы жағынан әртүрлі ел көшбасшы болып отыр. Сондықтан алда тұрған міндет – жобалау кезінде әртүрлі елдің ең жақсы технологиясын алу керек. Оған сәйкес, станция құрылысына әртүрлі компания мен қосалқы мердігер қатысады, – деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, "ядро аралын" бір ел, турбинаны – екінші ел, басқа құрылғыны – үшінші ел істей алады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Қазақстан қандай да бір мердігермен шектелмей, консорциум құруы керек деді. Мұндай тәжірибеге сүйенген Склярдың сөзінше, консорциум неғұрлым тиімді жұмыс істейді. Ол компаниялармен және елдермен жасалатын келісімшартта "санкция бойынша ескерту" қарастырылады деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС қанша тұрады? Ақшаны кім береді?

6 қазанда атом электр станциясын салу мәселесін айқындайтын референдумда дауыс беруге барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "АЭС құрылысын халық қолдаса, оны қай ел салады?" деген журналист сұрағына "менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет" деп жауап берген. Бұған дейін үкімет атом электр станциясы құрылысына Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея компанияларының өтініші қаралады деп хабарлаған.

АЭС салынуы мүмкін деп таңдалған негізгі орын – Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылы. Құрылыс мерзімі – келісімшарт жасалған сәттен бастап шамамен 10 жыл. Құрылыс аяқталғанға дейін АЭС құны инфляцияға байланысты 50 пайызға дейін өсуі мүмкін деді Скляр.

– Бұл нысан 10 немесе одан да көп жыл бойы салынады. Неліктен олар ұзақ уақыт салынады? Себебі қауіпсіздік өте маңызды. Жобалауға да ұзақ уақыт кетеді. 10 жыл салынатын болған соң бастапқыда есептелген құны инфляцияға, материалдардың қымбаттауына және басқа себептерге байланысты өсетіні түсінікті. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, оның бағасы 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін, – деді Скляр.

Орталық референдум комиссиясы 8 қазандағы отырысында Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша өткен референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдаған.

Ресми дерек бойынша, дауыс беру құқына ие 12 284 487 Қазақстан азаматының 63,66 пайызы, яғни 7 820 204 адам референдумға қатысқан. 5 561 937 адам елдегі АЭС құрылысын қолдаған, 2 045 271 адам қарсы шыққан.

АЭС-ті жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелді болып қалу қаупін айтады. Кей адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге кіріптар ете түседі деп қауіптенген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жалпыұлттық диалог" па, "автократтың сценариі" ме?