Ресей хоккейшілері екінші жыл қатарынан финалда

Ресей құрамасының ойыншылары Евгений Малкин (11) мен Владимир Тарасенко.

Шайбалы хоккейден Чехияда өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші жартылай финалында Ресей 4:0 есебімен АҚШ-ты жеңіп, финалға шықты.

Бұған дейін екі команда топтық кезеңде кездесіп, 4:2 есебімен АҚШ жеңген еді.

Ресей екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының финалына шығып отыр. 2014 жылғы Минсктегі әлем біріншілігінің финалында ресейліктер Финляндияны 5:2 есебімен жеңген.

Ресей енді финалда Канадамен ойнайды. Канада алғашқы жартылай финалда Чехияны 2:0 есебімен жеңген. Чехия мен АҚШ қола медальға таласады.

Биылғы әлем чемпионатының финалы мен үшінші орын үшін матч 17 мамырда Прагада өтеді.