Мәскеудің ақырын бақылауымен ағылшын тергеушілері жұмысын жалғастыруда

Ресейдің бұрынғы тыңшысы А.Литвиненконың улануы жайттарын тергейтін ағылшын тергеушілерінің тобы Мәскеуде жұмысқа кірісті. Оны уландырған істің ізі тергеушілерді Мәскеуге алып келді. Алайда Ресейдің прокуратурасы тергеудің барысын өзінің қадағалауына алғысы келетін тәрізді.
Бүгін ағылшын тергеушілерінің тобы А.Литвиненконың өліміне қатысты тергеу жұмысын жалғастырды. Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы агенті сирек кездесетін радиоактивті полоний-210 изотопымен уланып, өткен айда Лондонда қайтыс болды. Міне содан бері британ полициясы полонийдің қалдықтарын Лондонның кем дегенде 10 шақты жерінен, British Airways әуе компаниясының 3 жолаушы ұшағынан аңғарды және бір топ күдіктінің ізі Мәскеуден байқалды. Күдіктілердің бірі – Федералдық қауіпсіздік қызметінің тағы бір бұрынғы қызметкері әрі А.Литвиненконың уланатын күні – 1-інші қараша күні онымен Лондонда кездескен Андрей Луговой. Ол “Азаттық” Радиосына радиоактивті изотоппен уланған жоқ па деген күдікпен Мәскеу ауруханасына тексеруге жатқан жерінде сұхбат берді.

А.ЛУГОВОЙ: “Ауруханада менің өткен аптада тексеруден өткенімді ешкім жасырмайды. Ол жайында мен Скотланд-Ярдтың детективі Филипп Бутсқа хабарладым. Біз ашықпыз – менің көмекшілерімнің, кеңсенің телефондары және менің өзімнің сымсыз телефонымның нөмірлері белгілі...”

А.Луговой мен А.Литвиненко кездескен кезінде олардың қасында Дмитрий Ковтун мен Вячеслав Соколенко деген тағы 2 орыс азаматы болған – олар да тергелуге тиіс. Төртінші күдікті Михаил Трепашкин қазір түрмеде отырған көрінеді, сол себепті де одан жауап алу қиынға соғуы мүмкін. Адвокаттардың хабарлауынша, Трипашкин А.Литвиненконың өліміне қатысты мәліметі бар.

Сейсенбі күні ағылшын тергеушілерінің алдынан күтпеген жерден кедергі пайда болды. Осы күні Ресейдің Бас прокуроры Юрий Чайка ресейлік тергеушілердің Андрей Луговой мен басқа да күдіктілерді тергеуге алатынын жариялады. Ағылшындар, Чайканың мәлімдеуінше, күдіктілерден жауап алуға қатыса алады, бірақ оларды өздерінің тергеуіне рұқсат берілмейді. Сонымен қатар Бас прокурордың мәлімдегеніндей, осы қылмысқа қатысы бар кез-келген Ресей азаматы Ұлыбританияда емес, тек Ресейде ғана сотталады. “Күдіктілердің Ұлыбританияға берілуі мүмкін бе?” -деген сұрауға Ю.Чайка жай ғана: “Мүмкін емес!” деп тіл қатты. Сонымен бірге ол Ресей жағынан көптен бері іздеу жарияланған Борис Березовский мен чешен сепаратистеінің өкілі Ахмед Закаевты Ұлыбритания ерте ме, кеш пе Ресейге қайтаруға мәжбүр болады деп мәлімеді.

Ю.ЧАЙКА: “Менің көзқарасым бойынша, не болса да ерте ме, кеш пе британ жағы Березовский мен Закаевты беруге мәжбүр болады. Өйткені, күн өткен сайын олардың қылмыс істегендеріне дәлелдер көбейіп барады. Міне бұл оларды бермеудің саяси астары барлығын көрсетеді”.

А.Литвиненко - Б.Березовский мен А.Закаевтың әріптесі болатын. Алайда, Ресейдің ол екеуін Ұлыбританиядан талап етуі А.Литвиненконың ісімен байланысы жоқ. Тергеу жұмысы Лондонда да жалғасу үстінде. Бүгін денсаулық сақтау Агенттігінің өкілдері полоний-210 изотопының қалдықтары қала стадионының екі жерінен аңғарылғанын хабарлады. А.Литвиненкомен кездескен 1-інші қараша күні А.Луговой осы стадионға келіп футбол ойынын қызықтаған көрінеді. Ұлыбританияның денсаулық сақтау Агенттігі өкілдерінің атап көрсетуінше, әлгі 2 жерден радиация әзер дегенде байқалған және оның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Агенттік шенеунектерінің айтуына қарағанда, 1-інші қараша күні Литвиненко мен Луговой кездескен жапон мейрамханасында да радиация байқалмаған.

Дәл осы күні А.Литвиненкомен кездескен италияндық қауіпсіздік кеңесшісі Марио Скарамеллоның ағзасынан да полоний-210 изотопының болар-болмас қалдығы бар болып шықты. Бірақ оның сәуле ауруына шалдыққан нышаны байқалмайды.

Марио Скарамелло мен А.Литвиненко – Ресейдің қауіпсіздік қызметі туралы Италия парламентіндегі тыңдауға бірге қатысқан көрінеді. Екеуі сол кезден бері таныс болған. М.Скарамеллоның айтуынша, 1-інші қараша күні ол А.Литвиненкомен оның басына қатер төнгенін ескерту үшін кездескен. А.Литвиненко – Кремльдің өткір сыншысы болды және өзінің уланып өлуі алдында Ресей президенті В.Путинді кінәлаған болатын. Сейсенбі күні Ресейдің вице-премьер дәрежесіндегі қорғаныс министрі Сергей Иванов, грек газетіне берген сұхбатында, А.Литвиненко Федералдық қауіпсіздік қызметінің қатардағы қызметкері болды және оның қолында маңызды ақпар-дерек болған емес деп мәлімдеді. С.Ивановтың сөзіне қарағанда, А.Литвиненко – 1990-ыншы жылдардың ортасында ғана құрылған Федералдық қауіпсіздік қызметіне ішкі істер министрлігінен айысып келген көрінеді.

Ал А.Литвиненконың қашан жерленетіні осы аптада жариялануға тиіс. Марқұмның әкесі – Вальтер Литвиненко – “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Александр Литвиненко қаза болары алдында өзін мұсылманша жерлеуді өтінген көрінеді.

А.ЛИТВИНЕНКО: “Маған ол жайында хабарлағанда, бұл қаза болуынан 2 күн бұрын болатын, ол маған: “Әке менің сенімен сөйлесетін маңызды әңгімем бар. Мен мұсылман болдым”, -деді. Мен оған: “Саша, ол өз еркің. Ең бастысы – сен не коммунист, не сайтан болмасаң болды”, -дедім. Менің өзім христианмын. Менің немере-қызым бар, әкесі қабардылық – менің қызымның күйеуі, ол да мұсылман. Біз Құдайдан безген жоқпыз, біз Құдайға сенеміз. Ал Құдайға кім қалай сенеді, қалай құлшылық етеді? – Оны әркімнің өзі біледі”.

Вальтер Литвиненконың “жеке басының осындай маңызды шешімі” деп отырған мұсылман болуды оның ұлы орыстың православие шіркеуіне әбден көңілі қала бастап, біраздан бері ойлап жүрген. Чешен сепаратистерінің Лондондағы өкілі Ахмед Закаев Литвиненкомен оның Ислам дінін қабылдауы туралы сөйлескенін мәлімдеді.

А.ЗАКАЕВ: “Ол маған Исламды қабылдағысы келетінін айтқанда, ол ауруханаға түскен алғашқы күндері болатын. Мен оған таң қалғаным жоқ, мен оған: “Бұл сенің өз ықтиярың. Қандай Құдайға құлшылық еткенің маңызды емес, ең бастысы – Құдайға қарсы іс істемесең болғаны”, -дедім. Мен әлгі сөзіне онша мән бермегендей сыңай таныттым. Бірақ ол осы тақырыпқа қайта-қайта орала берді. Ол шаһадатты мысалға келтірді. Кез-келген исламтанушы Сізге Исламды қабылдаудың ешқандай салт-дәстүрі немесе рәсімі жоқтығын айтады. Құранның бір сүресін ауызға алсаңыз жеткілікті. Сүрені, шаһадатты өзінің шын ниетімен айтса, ол адам сол сәттен бастап мұсылман болып саналады”.

А.Закаевтың айтуынша, А.Литвиненконың сырқаттан жаны қатты қиналса да, оның ойы мен сөзі дұрыс болды. Қайтыс болуына санаулы күн қалғанда, деп мәлімдейді А.Закаев, өзінің улануы жайттарын тергеген полицейлермен 16 сағат бойы әңгімелесті. Ол сауығып кетемін деп үміттенді. Алайда, көз жұмарының алдында ол А.Закаевтан өзінің жаназасын шығару үшін имамды шақыртуын өтінген.