Тәжікстан: үкімет веб-сайттарға бөгет қою шешімін өзгертті

Тәжікстан үкіметі саяси оппозиция мен басқа да наразы күштердің интернет-парақшаларын ашуға бөгет қойған соң, осы елдің коммуникациялар министрлігі жан-жақтан көрсетілген қысымға көнді. Тәжік үкіметі ашылуына өзі бөгет қойған барлық интернет-басылымды қайта аша ма, жоқ па - ол әлі де белгісіз. Бірақ тәуелсіз веб-сайттарға бөгет қоймақ болған бұл әрекет келесі айда өтетін президент сайлауының қарсаңында ресми биліктің балама ақпарат көздерін заңсыз жапты деген айыпты растап отыр.
Ресми биліктің бірқатар тәуелсіз интернет-басылымын жабуы наразылық туғызып, жан-жақтан арыз-шағым ағылды. Ол жайында Тәжікстанның Коммуникациялар министрлігі Инспекциясының өкілі Олим Давронов былай деп хабарлады.

О.ДАВРНОВ: “Бізге үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардан көп шағым келіп түсті. Коммуникациялар министрлігі біздің директорымызды шақырып алды да, содан кейін олар бірнеше веб-сайтты қайта ашты”.

Қандай ұйымдардың шағым жолдағаны және нақты қандай веб-сайттың қайта ашылғаны әлі белгісіз. Олим Давроновтың осы хабарынан кейін “Азаттық” Радиосы бірнеше сағат бойы жабылған веб-сайттардың кейбірін ашып көрмек болды. Өткен аптада Тәжікстанның коммуникация министрлігі интернет-қызметін көрсетуші провайдерге нұсқау жіберді. Тәжікстанның провайдерлік қызмет көрсетуші Istera компаниясының қызметкері Маруф Мухаммадов ол нұсқаудың мағынасын былай деп түсіндірді.

М.МУХАММАДОВ: “Кеше ғана, 5-інші қазан күні біз “Тәжікстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігі туралы” тұжырымдананың қабылданғаны және әлгі сайттарды ашуға бөгет қоюымыз керек” деп жазылған хат алдық”.

Бақылаушылардың көпшілігі бұл нұсқауды алдағы президент сайлауына байланысты шығып отыр деп түсіндірді. Қазіргі президент Эмомали Рахмонов – қарашаның 6-сында өтетін сайлаудың айқын лидері. Сайлауда оның қазіргі 4 бақталасының ең болмаса бірі 10 пайыз дауыс жинай алады дегенге сенетін адам кемде-кем. Жабылған интернет-басылымдардың centrasia.ru, ferghana.ru, tajikistantimes.ru, charogiruz.ru, и arianastorm.com сынды кем дегенде бесеуі Тәжікстан үкіметіне сын көзбен қарайды. Тәжікстанның тәуелсіз ақпарат құралдары Ұлттық Ассоциациясының президенті Нұриддин Қаршибоев аталған интернет-сайттардың жабылуын президент сайлауымен тікелей байланыстыратындардың бірі. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында ол үкіметтің әлгі шешімін “саяси шешім” деп бағалады.

Н.ҚАРШИБОЕВ: “Бұл президент сайлауы науқанының жалғасуымен байланысты деп ойлаймын. Осындай әрекетімен үкімет интернет-тұтынушыларының балама ақпарат көздерін ашу мүмкіндігін шектеп көрмекші. Осы 5 веб-сайттың ресми биліктің көзқарасын ғана көрсетіп қоймай, сондай-ақ – балама ақпарат көздерін де ұсынып келгені – факті”.

Президенттің одақтастары биліктің мұндай әрекетін ақтауға тырысады. Солардың бірі – Саймиддин Дустов – президент бастаған партияның сараптау орталығын басқарады. Оның айтуынша, жабылуға тиіс болған веб-сайттар Тәжікстанның ұлттық мүддесіне сай шешім қабылдауға теріс ықпал етті.

С.ДУСТОВ: “Менің ойымша, ұлттық мүдделер тұрғысынан келгенде веб-сайттардың жабылғаны қажет. Бүгін бұл веб-сайттар өте қауіпті және олардың кейбірі біздің өте маңызды ұлттық мәселелер бойынша шешім қабылдауымызға ықпал ете алатындай дәрежеге жетті”.

Тәжікстанның азаматтық қоғам ұйымдары мен халықаралық құрылымдар әлгі 5 интернет-сайтты және халықтың балама ақпарат алуға деген құқын қорғауға бір кісідей жұмылды. Қаншама веб-сайт пен Оn-line форумы ресми билікті өткір сынға алды. Өзін жабуға нұсқау берілген сайттардың бірі - arianastorm.com – өзін басқа қандай жолмен ашуға болатынын хабарлап, оқырмандарына электрондық хат жолдады.

Веб-сайттарды жабу туралы шешімін қайта қарауы тәжік үкіметінің маңызды қадамы болды. Тәжікстандағы президент сайлауын бақылайтын Батыс елдері мен демократия институттары үшін сайлауалды науқаны мен дауыс берудің еркін де әділ өткені маңызды.