Еуропа АҚШ-тың құпия түрмелеріне байланысты оған қысым көрсетуде

Өзінің территориясында АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының құпия түрмесі орналасқан кез-келген Еуроодақ елі – Одақтағы дауысынан айрылатын болады. Сейсенбі күні Еуропа Комиссиясының мүшесі, оның сот жүйесіндегі арнайы өкілі Франко Фраттини осылай деп дүйсенбідегі сөзін тағы да қайталап айтты. Оның айтуынша, өз жерінен АҚШ-тың құпия түрмесі аңғарылған Еуроодақ елі “Одақ ережесін бұзды” деп қаралып, жазаға тартылуы ықтимал. Ф.Фраттини Шығыс Еуропада терроризммен шұғылданды деген айыппен күдіктілер отырған өзінің құпия түрмелері бар-жоқтығы туралы Еуроодақтың сұрауына ресми Вашингтонның әлі жауап бермегенін атап көрсетті. Сонымен қарама-қатар Еуропа Кеңесі Еуроодаққа мүше және мүшелікке үміткер елдерден Орталық барлау басқармасының “құпия түрмелері” бар ма деп іздестіріп, АҚШ-қа қысым көрсету үстінде. Әйтсе де, деп ескертті Ф.Фраттини, әлгіндей құпия түрмелердің барлығын дәлелдейтін айғақтар әзірше жоқ.
Еуропаның кейбір елінде АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының “құпия түрмелері” бар болуы мүмкін деген күдік барған сайын үдеп барады. Еуропа Комиссиясының вице-президенті әрі Еуроодақтағы сот жүйесінің арнайы өкілі Франко Фраттини өз жерінде осындай “құпия түрме” табылған кез-келген елді жаза тосып тұр деп ескертті. Дегенмен де, сейсенбі күні Брюссельде Ф.Фраттини ондай түрмелердің барлығына әзірше ешқандай дәлелдің жоқтығын айрықша атап көрсетті. Оның айтуынша, әлгіндей күдіктің асқан маңыздылығына байланысты айғақтарды іздестіру жалғаса береді.

“Мұндай күдік ақиқат болып шығатын болса, онда ол еуропалық Ереженің (Келісімнің) айтарлықтай бұзылғаны болып табылады”, - деді Франко Фраттини.

Ф.Фраттини Еуропа Кеңесінің басшысы Тэрри Дэвиспен өзінің тығыз байланыста отырғанын мәлімдеді. Еуроодақ өкілінің айтуынша, оған Болгариядағы жазалау мекемелерін тексеру ешқандай нәтиже бермегенін хабарлаған. Ф.Фраттини, сондай-ақ, Еуропа Кеңесінің өзге тексерушілері Еуроодаққа мүше елдерге қоса, мүшелікке үміткер көптеген елге де барғанын атап көрсетті. Онымен қарама-қатар ресми Брюссель Вашингтоннан өзінің жолдаған сұрауына жауап күтіп отыр. Кейбір хабарға қарағанда, өткен аптада Еуроодаққа төрағалық ететін Ұлы Британия Брюссельдің атынан АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы К.Райсқа түсініктеме беруді өтініп хат жазуға келісті. Германияның қызмет бабына енді ғана кіріскен сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайэр (Frank-Walter Steinmeier) Вашингтонға осы дүйсенбі баратын ең алғашқы ресми сапарын осы проблеманы талқылау мақсатына пайдаланбақшы. Осы сейсенбі күні Брюссельде Ф.Фраттини де өзінің үзеңгілестерінен АҚШ үкіметі өкілдерімен арадағы әңгімелерінде осы мәселені көтеруді өтінгенін ашық айтты. Сонымен қатар Ф.Фраттини Еуропада қайсыбір маңызды “мәлімдемені” ізін суытпай тексеріп, дереу шара қабылдайтын өз алдына жеке құрылымның болмауын “ерсіз” деп бағалады.

“Өте қызық нәрсе бар: Еуропа Комиссиясында принциптердің бұзылғанын тергей алатын ешқандай құзыры жоқ, бірақ, Ереженің 6-ншы және 7-нші баптарында көрсетілгендей, себеп-салдарымен күресу міндеті бар...”, - деді Франко Фраттини.

Еуроодақ Ережесінің 6-ншы бабында: “Еуропа Одағы - тәуелсіздік пен демократия принциптерін және адамның құқықтары мен жалпыға бірдей еркіндігін құрметтеуді, сондай-ақ құқық нормаларын сақтауды негізге алады” делінген. Ереженің 7-нші бабында “осы принциптер үнемі бұзылған жағдайда, ЕуроКомиссия, Еуропа парламенті немесе Еуроодаққа мүше елдердің 1/3-і принципті бұзған елді “бірқатар” құқынан, оның ішінде – дауыс беру құқынан айыра алады” делінеді. Әрине, мұндай жағдайда көпшіліктің шешім қабылдағаны дұрыс еді.

Еуропа Кеңесі “құпия түрмелердің” барлығына ешбір айғақ таппай жатып, ресми Вашингтон оны не жоққа шығармайды, не растамайды. Сейсенбі күні “The USA Today” газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райс терроризмге қарсы күресте тұтқында ұстаудың үйреншікті ережесін қолданбайды деп мәлімдеді. Алдағы аптада К.Райс ханым Еуропаның 5 еліне, оның ішінде Германия мен Румынияға және Украинаға сапарға барады. Ол, сондай-ақ, НАТО-ның Брюссельдегі бас қосуына баруға тиіс. Ресми Вашингтон нақты ақпар беруден бас тартып отырған кезде, Ф.Фраттини мен ЕуроКомиссияға Еуропа Кеңесіне ғана үміт артуға тура келеді. Бірақ сейсенбі күні Ф.Фраттини жоғарыда атап көрсеткен “қызық нәрсенің” бөгет болып отырғанын тағы да атап айтты.

“Еуропа Кеңесінің тергейтін құзыры бар, бірақ оның салдарына билігі жүрмейді. Міне сол себепті де Еуропа Кеңесі мен Еуропа Комиссиясының тығыз байланыста болғаны қажет”, - дейді Ф.Фраттини.

Оның айтуынша, Еуроодаққа мүше елдердің ұлттық прокуратуралары да іске араласа алады, өйткені олардың белгілі бір жайтты тергейтін құзыры бар. Испания прокуратурасы, деп мәлімдеді Ф.Фраттини, Орталық барлау басқармасының терроризммен шұғылданды деген күдіктілерді тиеген ұшақтары Майорка аралына қоныпты деген хабарды тексеру үстінде. Алайда, оның ескертуінше, ол хабарды бұлтартпай растайтын дәлел әзірше жоқ. Сонымен бірге сейсенбі күні Ф.Фраттини Еуроодақтың сауалына тиянақты жауап беруі үшін Вашингтонға уақыт беру керектігін атап көрсетті.