Еурокомиссия Ресеймен арадағы келісімге ризашылық білдірді

Ресей мен Еуроодақ басшыларының осы аптада Мәскеуде болып өткен кездесуінің қорытындысына үңіле отырып Еурокомиссия оның нәтижесін “сәтті болды” деп бағалады.
Сонымен бірге Еуроодақтың атқарушы билігі болып табылатын Еуропа Комиссиясы Мәскеудегі келісімдерді жүзеге асырудың амалдарын қарастыру үшін 2 айға жетпейтін мезгіл ішінде жоғарғы деңгейдегі қосымша басқосу өткізу қажеттігін мәлімдеп отыр. Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің баптары Мәскеу мен Брюссельдің өзара ортақ пікірге келе алмай келген проблемалардың көпшілігін нақтылап береді. Бірақ оларды шешудің нақты жолдары мен нақты мерзімдерін ұсынудың орнына, “Жол картасын” алға тартады.

Ресей мен Еуроодақ басшыларының Мәскеудегі келіссөзінде өзара стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге келуінен 1 тәулік өтпей жатып сәрсенбі күні Еурокомиссия осы келісімді жан-жақты талдау үшін жоғарғы деңгейдегі кездесулерді одан әрі жалғастыру қажеттігін хабарлады. Еурокомиссияның өкілі Франсуаза Лебай ханым бас қосу маусым айының соңында немесе шілденің басында Брюссель қаласында өтетінін мәлімдеді.

Оның атап көрсетуінше, бұл басқосуға Еурокомиссияның арнайы делегациясын оның президенті Жозе Мануэль Баррозу, ал Ресей министрлерінің делегациясын премьер-министр Михаил Фрадков бастап келуге тиіс. Бұл кездесу, деп түсіндірді Франсуаза Лебай ханым, Мәскеудегі келісімді жүзеге асырудың амалдарын қарастыру үшін керек.

- Брюссельде өтетін бұл кездесудің мақсаты – жоғарғы деңгейдегі кездесудің барысында қол жеткен 4 уағдаластықты немесе “Жол картасын” жүзеге асырудың жолдарын іздестіру болып табылады. Біз өзара келісілген мәселелерді жүзеге асырудың амалдарын анықтап алғанымыз дұрыс. Ол мәселелерді жүзеге асыру керек және жедел іске асыру керек, - деді . Еурокомиссия өкілі Франсуаза Лебай.

Сейсенбі күні Мәскеуде болып өткен кездесудің барысында қол жеткен келісімдерді жүзеге асырудың жолдары неліктен қарастырылмағанын Франсуаза Лебай түсіндіріп жатпады. Лебай ханым Ресей мен Еуроодақ арасындағы кездесудің қорытындысы болып табылатын “Стратегиялық әріптестік туралы” келісімге, әйтсе де, аса жоғары баға берді.

- Жоғарғы деңгейдегі кездесуді біз сөзсіз жоғары бағалаймыз. Өйткені, өздеріңіз де білесіздер, 2 жыл бойы талқыланып келген 4 мәселе бойынша нақты келісімдерге қол жетті. Олар Еуроодақ пен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізін қалайды, - деді Франсуаза Лебай ханым.

Еуроодақ пен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік негізгі 4 саланы қамтиды. Атап айтқанда, олар - экономика, ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелері, ғылым мен білім беру және мәдениет салалары. Өткен кезеңде Еуроодақ өкілдері бұл келісімдердің екі арадағы проблемаларды шешудің орнына, оларды қалай шешудің жолдарын кейін қарастыруды ұсынатынын айта келе, оларды “Жол картасы” деп атағанды дұрыс көріп жүр.

Мәскеуде қол қойылған құжат Брюссель мен Мәскеу арасындағы ең өзекті проблемаларды шешудің нақты мерзімін көрсетпейді. Оған қоса, әлгі проблемаларды қалай шешудің амалдарын да қарастырмайды. Осылайша келісімнің “Жалпы экономикалық сала” деген тарауында Еуроодақ үшін бірінші кезектегі проблемалардың бірі болып табылатын мәселесі – Сібірдің әуе кеңістігін пайдалану турасында жалпылама түрде ғана айтылған.

Брюссельдің пікірінше, Еуроодақ ұшақтарының Сібірдің әуе кеңістігін пайдалануы мәселесінде Ресей әуе қатынасының халықаралық заңдарын бұзып отыр деп санап, әзірше Мәскеуге 2013 жылға қарай салықты жою талабын қойып отыр. Мәскеудегі бас қосудың қарсаңында Еуроодақ өкілдері осы мәселеге байланысты Ресейдің құжат жүзінде міндеттеме алғысы келмей отырғанын атап көрсетті. Ал Мәскеудегі кездесудің қорытынды құжатында “Сібірдегі әуе қатынасын жетілдіру мәселесіне” тараптар “Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына толық қабылдануынан кейін қайта оралады” деп қана атап көрсетілген.

Екі жақтың ішкі қауіпсіздігі мәселесі бойынша да дәл осылай делінген: Ресей азаматтарының Еуроодақ елдеріне баруы үшін виза алуын жеңілдету және Еуроодақ елдерінде заңсыз жүрген Ресей азаматтарын елге шақыртып алу мәселелері бойынша Брюссель мен Мәскеу жай ғана бір-біріне қарама-қатар келіссөз жүргізу жайында уағдаласқан.

Бірақ келісімнің бұл тарауында Еуроодақтың қойған шарты ретінде осы екі мәселені байланыстырып қарауға Ресей келісті ме, жоқ па – ол жөнінде ештеңе айтылмаған. Ал сыртқы қауіпсіздік мәселесіне келгенде, Еуроодақ Ресейді өзіне көрші елдерге байланысты қасарысқан көзқарасынан бас тартуға көндірді. Бірақ, екінші жағынан, Ресей Еуроодақтың бұрынғы совет республикаларында қандайда бір рөл атқаруына тікелей келісім беруден құтылды.