Армениядағы ахуал

Грузия президенті Эдуард Шеварнадзені билік тайдырған бейбіт мемлекеттік төңкерістің жаңғырығы өшпей жатып, Қапқаздың тағы бір елінде ресми билікке қарсы жаппай наразылық шерулері өтіп жатыр. Арменияның оппозициясы президент Роберт Кочерянның биліктен кетуін талап етіп, бірнеше күн бойы күні-түні шерулер ұйымдастырып, өткен күндері елдің құқық қорғау мекемелері және тіпті “Спецназ” сынды арнайы әскер бөлімдері шерушілерді күштеп қуып таратып, оппозицияның кейбір жетекшісін қамауға алды. Енді Армениядағы осы ахуал әрі қарай қалай өрбуі мүмкін?

“Азаттық”-тың Еревандағы тілшісі Эмиль Данилянның хабарлауынша, саяси шеру полиция мен Спецназ бөлімдерінің күшімен қуып таратылғаннан бері, қаладағы ахуал аса ушығып тұр. Оппозицияның 4 жетекшісі тұтқындалып, сейсенбі күні кешкісін, оппозициялық 2 партияның кеңсесі тінтіліп, осы күні кешкісін жабылды. Оппозициялық партиялардың басқа жетекшілері ресми биліктен жасырынып бас сауғалап жүр. Оппозицияның көрнекті жетекшілерінің бірі – Степан Демирян сейсенбі күні журналистерге берген сұхбатында, саяси шеруге шыққан оппозиция өкілдерін күш қолданып, резенке таяқпен дүрелеп, су шашатын мәшиемен су атып қудалауын - әскери операция, халыққа қарсы мемлекеттік лаңкестік – террор деп бағалады.

Еревандағы саяси шеруді зорлық-зомбылықпен қудалауына деген ресми биліктің көзқарасын президент Р.Кочерянның баспасөз-хатшысы Ашот Кочерян сейсенбі күні ұлттық теледидар арқылы жеткізді.

А.К.: “Қалыптасқан осындай жағдайда республиканың құқық қорғау мекемелері, заң шеңберінен шықпай, қоғамдық тәртіпті қорғауға міндетті болатын. Оппозицияның іс-әрекеті парламент пен президенттің конституциялық міндеттерін ойдағыдай атқаруына кедергі болған жағдайда полицияның күш қолдануына тура келді. Оппозицияның іс-әрекеті елдегі конституциялық құрылысқа қатер төндірді”.

Армениядағы ішкі саяси ахуалдың ушығуына АҚШ та алаңдаушылық білдіріп отыр. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті сәрсенбі күні президент Р.Кочaрянның биліктен кетуін талап оппозиция ұйымдастырған саяси шеруді Армениядағы ресми биліктің күштеп қуып таратуына наразылық білдірді.

Халықаралық қоғамның, оның ішінде осы ресми Вашингтонның қысымы болса керек, соңғы мәлімет бойынша, Ереванда оппозицияның сейсенбі күні тұтқынға алынған 4 жетекшісі сәрсенбіде бостандыққа шығарылды. Сейсенбі күні тінтіліп, жабылған 2 оппозициялық партияның да кеңселері ашылып, сәрсенбі күні толыққанды жұмыс істеп жатыр.

Армениядағы тәуелсіз саясаттанушы Агаси Енукянның пікірінше, оппозицияның шеруін күштеп қуып таратқаннан кейін, президент Р.Кочерян елдегі оппозицияны қолдамай келген халықты да өзіне қарсы қойып алды. Ресми биліктің соңғы іс-қимылы халықтың ашу-ызасын туғызып, оппозицияның қатарын толықтыра түсті.

Саясаттанушы А.Енукянның атап көрсеткеніндей, Еревандағы саяси толқуларды Тбилисидегі бейбіт мемлекеттік төңкеріспен салыстыруға болмайды. Өйткені, ең бастысы, Еревандағы ресми билік оппозицияға қарсы күш қолданып, қан төгілмесе де, бас жарылды, қол сынды. Екіншіден, Р.Кочерян Эдуард Шеварнадзе секілді биліктен өз ықтиярымен бас тарта қоймайды. Өйткені, президенттік биліктен кеткеннен кейінгі Эдуард Шеварнадзенің жеке басы мен отбасының амандығына оппозиция жетекшілері тарапынан кепілдік берілді. Ал Еревандағы оппозицияның шеруін күш қолданып таратуынан кейін армян президенті Р.Кочерянға ешкім ондай кепілдік бере қоймас.

Тәуелсіз саясаттанушы А.Енукянның тағы бір маңызды пікіріне назар аудара кетсек, оның айтуынша, Арменияда Р.Кочерянның қолындағы президенттік билікті ендігі жерде мызғымайды деп айтуға болмайды. Оның қолындағы билік қатты әлсіреді. Бірақ, ол билікті қолына алуға оппозиция да дайын емес. Қанша дегенмен де, оппозицияның әрі қарай қандай іс-әрекетке баратыны туралы жоба-жоспары жоқ көрінеді. Ондай жоспарын оппозиция не әлі жариялап үлгермеген, ондай жоспары тамырымен жоқ.

Ал біздің Еревандағы тілшіміз Эмиль Данилянның хабарлауынша, сейсенбі күні Армениядағы саяси оппозицияның белгілі жетекшілерінің бірі Степан Демирчян: оппозиция ресми билікке қарсы ұйымдасқан шерулерін одан әрі жалғастырады; ресми биліктің күш қолдауынан халықтың сағы сынған жоқ, рухы қайтқан жоқ. Көздегеніне жеткенше, оппозициялық күштер наразылық шерулерін тағы да жалғастырады, -деп мәлімдеген.

Ал президент Р.Кочерянның баспасөз-хатшысы Ашот Кочерян сейсенбі күні ұлттық теледидар арқылы - ресми билік қудалау саясатын жалғастырады деп мәлімдеді. А.К.: Армения үкіметі саяси экстремизмге жол бермес үшін, заң жүзіндегі бар шараны жасайды”.