АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі К.Райс Конгрестің “11 қыркүйек” комиссиясы алдында жауап бермек

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі қанды лаңкестік шабуылдың алдын-алу үшін АҚШ әкімгшілігінің нендей шара қабылдағанын тергейтін Конгрестің арнайы комиссиясы бірнеше айдан бері Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшісі Кондолиза Райстан бірқатар маңызды сауалға жауап алуға тырысып келді. Алайда президент Дж.Буштың әкімшілігі Ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесші конституция бойынша көпшілік алдында жауап беру міндетінен босатылады дегенді алға тартып, Райс ханымнан жауап алуға қарсы болып келді. Әйтсе де, қоғамдық қысымның күшімен өткен сейсенбі күні Ақ үй “11 қыркүйек” комиссиясына деген көзқарасын өзгертіп, К.Райстан жауап алуға келісімін берді.
Ақ үйдің және Ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша АҚШ президентінің кеңесшісі Кондолиза Райстың өз талабы бойынша, одан жауап алу үшін аталмыш комиссия президент Дж.Буш пен вице-президент Дик Чейниден басқа Ақ үйден ешкімді жауапқа шақырмауға келісті. Бұған дейін К.Райс ханым арнайы комиссия мүшелерімен сырт көзден тасада әңгімелескен болатын. Комиссия төрағасы Томас Кин, АҚШ үкіметінің Америка халқын лаңкестік шабуылдардан қорғау үшін қолдан келген шараның бәрін атқарғанына халықтың көзін жеткізу мақсатында, одан көпшілік сауалдарға жауап беруін талап етіп отыр. К.Райстан алдағы аптада жауап алынады деп күтілуде. Жалпы, 11 қыркүйектегі шабуылға жұрттың соңғы кезде осылайша ерекше назар аударуының себебі: лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі Ақ үйдің бұрынғы өкілі Ричард Кларк өткен аптада шыққан кітабында және арнайы “11 қыркүйек” комиссиясына берген жауабында “Дж.Буштың әкімшілігі 2001 жылдың 11 қыркүйегінде шабуыл болуы мүмкін деген ақпарға онша құлақ аспады”, -деп айыптады. К.Райс теле және радио-арналар арқылы сөйлеген сөздерінде Кларктің әлгі айыптарын түбегейлі жоққа шығарып келді. Мысалға, Америкалық теле-компанияның жексенбі күні шығатын “60 минут” айдарлы кешкілік хабарында К.Райс ханым: “Менің көзқарасым бойынша және мен үшін куәгер болып жауап бергеннен артық ештеңе жоқ. Мен шынында да жауап бергім келеді. Бірақ, өте маңызды принцип бар. Ол ертеден келе жатқан принцип. Оған сәйкес, қызмет бабындағы Ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшілер Конгресс алдында куәгер бола алмайды”, -деп мәлімдеді. Алайда осы сөзінен кейін арада 48 сағат өтпей жатып, Райс ханымның және Ақ үйдің қабақтары жылып, енді Конгресстің арнайы комиссиясы алдына баруға келісіп отыр. Соған байланысты Томас Кэйн журналистрге “менің күдіктенуімше, доктор Райсқа көпшілік алдында жауап беруге рұқсат беру - комиссия үшін өте маңызды екенін Ақ үй де, президент те түсінсе керек. Президенттің де, Ақ үйдің де айтып келгеніндей, президенттің конституция бойынша құқықтарының маңыздылығын біз сыйлаймыз. Сонымен бірге бұл оқиғаның адамзат тарихындағы айрықша жағдай екенін де біз назарға алып отырмыз”, -деп түсіндірді. Жалпы, К.Райс ханымның төңірегіндегі пікірталастан АҚШ-та “құзырларды бөлісу” деп аталатын маңызды мәселе күн тәртібіне шығады. Оның сыры, мысалға, президент әкімшілігінің Сенатта мақұлданған мүшелері “ақ бата” алу үшін Конгрестің де алдынан өтуге тиіс. Ал ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшісін, Конгрестің батасын алмай-ақ, президенттің өзі тағайындай береді. Яғни басқа президенттер сияқты Дж.Буш та өзі тағайындаған кеңесшісіне Конгресс комиссиясының алдында жауап беруге рұқсат бермеді. Ал енді оған рұқсат беруінің сырын АҚШ президенті Дж.Буш сейсенбі күні журналистер алдында: “мен ынтымақтастықтың осындай дәрежесіне келістім. Өйткені, біздің азаматтарымыз құрбан болған 2001 жылдың 11 қыркүйегіне дейінгі айлар мен жылдардың сырын толық ашу керек деп ойлаймын” –деп түсіндірді. “Құзырларды бөлісу” - АҚШ-тағы мемлеккеттік билік тармақтарының тепе-теңдігіне кепілдік беретін АҚШ конституциясының нормасы болып табылады. Вашингтон университетінің тарих және саясаттану ғылымының профессоры Алан Личманның “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында атап көрсеткеніндей, АҚШ конституциясының авторлары АҚШ-тағы федералдық билікті, оның бір бөлігінің басқасынан басым түсуіне жол бермес үшін, үшке бөлуді дұрыс санаған. Міне осылайша АҚШ конституциясының авторлары билікті үш тармаққа тең бөлу арқылы Америкада шексіз билікке жол бермеуді қамтамасыз етті. Алғашқы да президент Дж.Буш Республикалық және Демократиялық партиялардың өкілдерінен тең жасақталған және құрамында 10 мүшесі бар “11 қыркүйек” комиссиясының құрылуына қарсы болды. Әйтсе де көп кешікпей қоғамдық қысыммен оған келісті. Профессор Личманның айтуынша, ақыр-соңында өзі жауапты болып шығатын істің тергелуіне Ақ үйдің қасарысуы түсінікті де. Кезінде - 1941 жылы Перл-Харбордағы АҚШ-тың әскери теңіз флотына жапондар шабуыл жасаған соң, президент Фрэнклин Рузвельттің әкімшілігі де осындай комиссия тарапынан тиянақты тергелген болатын. Дегенмен де профессор Личманның айтуынша, арнайы комиссияның 11 қыркүйектегі оқиға бойынша шығаратын қорытындысына преиздент Дж.Буштың алаңдауына ешбір негіз жоқ.