Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

00:37 30.3.2020

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған екінші адам - Түркиядан келген студент

Ақтөбе облысының бір тұрғыны коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Осылайша бұл аймақта коронавирус жұқтырғандар саны екі адам болды. Науқас 29 наурыз күні Ақтөбеге Ақтау арқылы Стамбулдан ұшып келген. Ол 1-курста оқитын қыз. Бұл туралы 29 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша 22:00-дегі онлайн брифинг кезінде тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева хабарлады.

Беркімбаеваның айтуынша, Түркиядан ұшып шығып, алдымен Ақтауға, одан Ақтөбеге келген жолаушы әуежайдан бірден оқшауланған. Науқас қазір инфекциялық аурухана жатыр.

Нұрсұлу Беркімбаева коронавирус жұқтырған қызбен бір ұшақта болған 17 жолаушының анализінің қорытындысы әлі шықпағанын айтты.

Наурыздың 31-іне қараған түні Ақтөбе облысының аумағында ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізіледі. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин хабарлады.

31 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың сыртқы периметрлеріне блокпостар қойылады.Облыс аумағына кіріп-шығуға тыйым салынады. Әуе, теміржол және автокөлікпен жолаушы тасымалы түгел тоқтатылады. Дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінен басқа нысандардың бәрі уақытша жабылады.

07:40 30.3.2020

Өзбекстанда 30 наурыздан бастап әуежайлардың жұмысы тоқтайды

Ташкент әуежайында тұрған Қытайдан келген өзбек студенттері.
Ташкент әуежайында тұрған Қытайдан келген өзбек студенттері.

Өзбекстанда 30 наурыздан бастап барлық әуежайлардың жұмысы тоқтайды. Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы республикалық комиссия осындай шешім қабылдады деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі.

"30 наурыз сағат 00.01-ден бастап 20 сәуір сағат 00.01-ге дейін Өзбекстандағы барлық әуежайлардың жұмысы тоқтайды, әуе қатынасы толық үзіледі" делінген ресми хабарламада.

Сенбі күні Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы шамамен жүз өзбек азаматының Мәскеудегі "Внуково" әуежайында бір аптадан астам уақыттан бері тұрып жатқанын, елге апаратын чартерлік рейсті күтіп жатқанын хабарлаған. Стамбул әуежайында да чартерлік рейсті күтіп отырған өзбек азаматтары бар.

Өзбекстан ақпарат құралдарының хабарлауынша, билік шетелде қалып қалған өзбек азаматтарын елге қайтаруға күш салып жатыр. Дегенмен Стамбул және Мәскеу әуежайындағы азаматтардың еліне қашан қайтатыны белгісіз.

29 наурыз түнгі дерек бойынша, Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 144 адам болды. Емделіп жатқан 19 науқаста пневмония белгілері байқалған. Төрт науқастың жағдайы - ауыр. Екі науқастың жағдайы салыстырмалы түрде ауыр. 27-28 наурызда екі адам қайтыс болған.

Жексенбі, 29 наурызда билік жеті науқас айықты, бірақ карантинде қала береді деп мәлімдеді.

08:10 30.3.2020

Эпидемияның тоқтағанын айтқан Қытай "екінші толқынынан" қауіптенеді

Маска таққан жолаушылар метрода күтіп тұр. Ухань, 28 наурыз 2020 жыл.
Маска таққан жолаушылар метрода күтіп тұр. Ухань, 28 наурыз 2020 жыл.

Өткен жылдың соңында коронавирус тараған Қытайда билік COVID-19 инфекциясының таралуын тоқтатқанын мәлімдеді. Қытай билігінің айтуынша, соңғы күндері тек ондаған адамнан коронавирус табылған және олардың басым бөлігі - шетел азаматтары. Эпидемия ушығып тұрған кезде Қытайда күніне мыңдаған адамнан вирус табылған болатын.

Мемлекеттік Синхуа агенттінінің хабарлауынша, шамамен үш мың адам коронавирустық инфекциядан емделіп жатыр. Шамамен 70 мыңнан астам адам айыққан, үш мыңдай адам қайтыс болған. Соңғы тәулікте коронавирустан үш адам қайтыс болған.

Бірнеше күн бұрын АҚШ пен Италия вирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан алға шығып кеткен.

Алайда билік шетел азаматтарынан вирус табылып жатқандықтан эпидемияның екінші толқыны болуы мүмкін деп қауіптенеді. Бірнеше күн бұрын Қытай шетел азаматтарын елге кіргізуді тоқтатқан. Британдық Guardian газетінің жазуынша, Қытайда вирусқа байланысты шетел азаматтарынан сескену құбылысы байқалған.

Дегенмен эпидемия ошағы саналатын Қытайдың Ухань қаласында бірқатар карантиндік шаралар алына бастады. Ухань мен бірқатар қалалар арасында әуе байланысы қалпына келді. Қалада метро істей бастады. 8 сәуірден бастап қалада адамдар еркін жүріп-тұра алады.

Батыс ақпарат құралдары мен кейбір мамандар Қытай билігінің вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санына байланысты айтқан ресми дерегіне күмән келтіреді. Жергілікті дәрігерлердің статистика азайтылып көрсетілді деген айғақ-пікірлері бар. Қытайдағы статистиканың дұрыстығын дәлелдеген тәуелсіз дереккөз жоқ. Коронавирус туралы ақпарат елде қатаң цензураға ұшыраған.

09:20 30.3.2020

Қазақстан шетелдіктерге арналған 72 сағат визасыз жүру режимін уақытша тоқтатты

Алматы әуежайында келген жолаушыларды тексеріп жатқан дәрігерлер.
Алматы әуежайында келген жолаушыларды тексеріп жатқан дәрігерлер.

Қазақстан транзиттік жолаушыларға арналған 72 сағат визасыз жүру режимін 1 шілдеге дейін тоқтатты деп хабарлады primeminister.kz сайты. Қаулы қол қойған күннен бастап күшіне енеді.

2018 жылдың сәуір айынан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы халықаралық әуежайы арқылы ұшқан Қытай және Үндістан азаматтарының елде 72 сағат визасыз жүру мүмкіндігі болған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келген азаматтарды әуежайда шекара қызметі тіркеп, көші-қон карточкасын беруі тиіс болған.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 284 адамнан коронавирус табылған. Нұр-Сұлтанда - 167, Алматыда - 70 адамнан вирус табылған. 20 адам айыққан. 1 адам қайтыс болған.

16 наурызда елде төтенше жағдай жарияланып, қазір сегіз қала карантинге жабылған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG