Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:03 20.3.2020

Өзбекстан халықаралық жолаушы тасымалын 40 күнге тоқтатты

Өзбекстан әуе компаниясының ұшағы.
Өзбекстан әуе компаниясының ұшағы.

20 наурыздан бастап Өзбекстанда халықаралық бағыттарға автокөлікпен, темір жол және әуе арқылы жолаушы тасымалдау 40 күнге тоқтатылды. Арнайы құрылған үкімет комиссиясының шешімі бойынша, бұл шара ел аумағында коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында енгізілді.

Премьер-министр Абдулла Арипов ел аумағына өз ел азаматтарының келуіне уақытша тыйым салынғанын хабарлады.

Алайда жүк тасуға және сыртқы сауда саласында тауар тасымалына шектеу қойылмайды.

Өзбекстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар 23 адамға жеткен. Алғашқы науқас 15 наурызда тіркелген болатын.

11:57 20.3.2020

Қазақстан билігі коронавирустан "қаза болғандар" туралы деректі жоққа шығарды

Коронавирустан қорғану үшін арнаулы киім киген билік өкілдері қаладан шығып бара жатқан көлік жүргізушілерінің құжатын тексеріп жатыр. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.
Коронавирустан қорғану үшін арнаулы киім киген билік өкілдері қаладан шығып бара жатқан көлік жүргізушілерінің құжатын тексеріп жатыр. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан үкіметі елде коронавирустан "үш адам қаза болғаны" туралы бұған дейін шетелдік сайттар мен әлеуметтегі желіде жарияланған хабарды жоққа шығарды. Билік өкілдері оны жаңсақ ақпарат деп атайды.

"Коронавирус жұқтырғаны анықталғандар арасында қазаға ұшырағандар жоқ" деп мәлімдеді 20 наурызда өткен брифингте Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Бұған дейін елде коронавирустан ешкім қаза болмағаны туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп те мәлімдеген.

20 наурыздағы түске дейінгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 49 науқас бар. Алматыда - 22 адам, Нұр-Сұлтанда - 25 адам және Қарағандыда 2 адам емделіп жатыр.

12:10 20.3.2020

Вирус жұққан адаммен бір ұшақта келген тәжік азаматтарын іздеп жатыр

Тәжікстандағы елді мекендердің бірінде. Көрнекі сурет.
Тәжікстандағы елді мекендердің бірінде. Көрнекі сурет.

15 наурызда Стамбулдан Ташкентке ұшақпен жеткен алты тәжікстандық карантинге жатқызылған, ұшақта болған тағы төрт тәжік азаматын іздестіріп жатыр. Бұл туралы 19 наурызда Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасында өткен жиында елдің бас прокуроры Юсуф Рахмон хабарлады.

Әлгі ұшақпен келген Өзбекстан азаматы коронавирус жұқтырғаны анықталған. Сол ұшақта Тәжікстанның он азаматы болған. Қазір Өзбекстанда вирус жұққан 23 науқас бар.

Тәжікстанда коронавирус тіркелмеген. Билік 20 наурыздан бастап елдегі мешіттерде жамағаттың намаз оқуына рұқсат берді. Бұған дейін коронавирус қаупіне байланысты 5 наурыздан мешіттерде намаз оқуға тыйым салған болатын.

12:36 20.3.2020

Коронавирус өршіген шақта теңге құнсызданып барады

Коронавирусқа байланысты карантин жарияланған Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау орындарында 20 наурызда 1 АҚШ доллары шамамен 457 теңгеге бағаланды, ал ресми бағамы - 448,5 теңге.

Нұр-Сұлтанда кей жерлерде жұма күні бір доллардың құны 465 теңгеге дейін жетті.

Әлемдік нарықтан мұнай арзандаған соң Қазақстан теңгесінің бағамы 9 наурыздан бері долларға шаққанда шамамен 16 пайызға құнсызданған. Айырбас орындарының көбі шетел валютасын сатуды тоқтатқан.

Жұма күні Қазақстан қор биржасы (KASE) доллардың орташа бағамы 444,8 теңге болғанын хабарлады. Бұл бейсенбідегі көрсеткішпен салыстырғанда үш теңге 70 тиынға кем.

Екі күннен бері биржадағы сауда "Франкфурт аукционы" әдісі (биржаның сауда жүйесіне әуелі өтініштер келіп түседі, белгілі бір уақыттан кейін өтініштер "аукционды кесу арқылы" қанағаттандырылады) бойынша жүріп жатыр. Ұлттық банк мұнай арзандап жатқан кезде бұл әдіс қаржы нарығын тұрақсыздандыруға жол бермейді деп түсіндіреді.

Теңгесі құнсызданған Қазақстанда доллар тапшы

Теңгесі құнсызданған Қазақстанда доллар тапшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:24 0:00

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG