Accessibility links

Иранның сақтығы АҚШ-пен арадағы келіссөзге деген мүддесін жасыра алмайды


АҚШ пен Иран өкілдерінің таяу болашақта Бағдадта кездесіп, Ирақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талдайтыны туралы жуырда шыққан хабарға Иран парламентінің депутаттары мен саясаткерлері өз көзқарастарын білдіруге асықты. Мұндай кездесу – Ирандағы 1979-ыншы жылғы “Ислам төңкерісі” мен оның ізінше Вашингтонмен арадағы дипломатиялық байланыстың үзілуін кейінгі Иран мен АҚШ-тың арасындағы санаулы ғана дипломатиялық кездесудің бірі болмақшы. “Азаттық” Радиосының саяси сарапшысы Вахид Сепехридің пікірінше, ресми Теһранның әлгі хабарға тез сыр білдіруі Иранның АҚШ-пен арадағы келіссөзге аса мүдделі екенін аңғартады.

АҚШ-Иран келіссөздерінің өтетін нақты мерзімі әлі жарияланған жоқ. Бірақ Иранның қоғамдық пікірі, Ирақтың қауіпсіздігі тақырыбы бойынша мамырдың басында Мысырдың Шарм Әш-Шайх курортында болып өткен халықаралық конференцияда айтылғандай, көрші Ираққа көмек беруді қалайды. Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат істері бойынша комитеті төрағасының атап көрсеткеніндей, “Иран мен АҚШ-тың “Бағдадтағы келіссөзі” Ирақ халқы мен үкіметіне көмек болуға тиіс” және “Ирақтағы қауіпсіздік проблемасына соңғы үтір-нүктесін қойып береді”. Оның айтуынша, Иранның ұлттық қауіпсіздігі бойынша Жоғарғы Кеңесі Ирақтағы қауіпсіздіктің тактикасын айқындап, келіссөзге ресми Теһранның атынан кімнің қатысатынын белгілеуге тиіс.

“Бағдад келіссөзіне” АҚШ-тың Ирақтағы елшісі Райан Крокер қатысса керек. Иран парламентарийлерінің мәлімдеуінше, бұл келіссөзге Иранды “аймақтық күш” деп мойындаған АҚШ бастамашы болып отыр. Сонымен бірге парламентарийлер Иранның АҚШ-қа күдікпен қарайтынын тағы да қайталап айтып, оның себептерін тізіп келтіреді. Оған қоса Иран депутаттары Ирақта саяси тұрақтылық орнатуға қол ұшын бергені үшін Иранның өзі де көмек алуға тиіс деп мәлімдейді.

Иран шенеунектерінің жиі қайталап айтуынша, Вашингтонның соңғы жылдардағы маңызды іс-әрекетіне, оның ішінде – АҚШ бастаған коалициялық күштердің Ауғанстандағы Талибан билігін құлатуына Теһран көмек берді, бірақ өзі көп пайда көрмеді. Ирандағы консервативтік “Кайһан” газетінің бас редакторы Хоссейн Шариатмадари (Hossein Shariatmadari) Теһран мен Вашингтонның “Бағдад келіссөзін” Иранға қайтып оңалмастай нұқсан келтіретін “зор әрі стратегиялық қателік” деп бағалады. Шариатмадари Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеймен өте жақын. Бірақ, сонымен бірге, ол өз ойын ашық айта алатын Ирандағы санаулы қоғам қайраткерінің бірі – оның көзқарасы мемлекеттік саясатпен үнемі ұштаса бермейді.

Аятолла Хаменей бастаған және шешім қабылдайтын құзыры бар жетекші саяси тұлғалардың үнсіз қолдауы болмаса, әрине, АҚШ-пен арада келіссөз өткізу туралы сөз болмайтын да еді. Бірақ, Шариатмадаридің мәлімдеуінше, АҚШ-тың сөз жүзіндегі кез-келген міндеттемесі оның қылығын еш өзгерте қоймайды. Оның сөзіне қарағанда, Иран мен АҚШ-ты олардың саяси жүйелерінің табиғаты ажыратады, яғни олардың қарым-қатынасының ушығуы – табиғи құбылыс.

Иран парламенті төралқасының мүшесі Хоссейн Неджабат (Hossein Nejabat) – “Бағдад келіссөзін” әлдеқайда жылы қабылдады. Оның сөзіне қарағанда, “егер Америка Ирақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ираннан көмек сұраған болса, онысы шын көңілі болса керек. Бірақ, Неджабат ерекше атап көрсеткендей, бұл мәселеге келгенде “Иранның өз үлесі де болуға тиіс”.

Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат істері бойынша комитетінің мүшесі Реза Талай-Ник (Reza Talai-Nik) ойдағыдай нәтиже бермеген келіссөз АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа айыптар тағып шығуына түрткі болуының да мүмкін екенін ескертті. Талай-Никтің мәлімдеуінше, егер “Америка келіссөздің барысында сәтсіздікке ұшырайтын болса, онда АҚШ Иранға қарсы айыптар тағып, оған деген психологиялық және саяси қысымын күшейтеді”. Ол екі жақты “Бағдад келіссөзінің” барысында Иранның Ираққа деген тактикасын әзірлеуге қиындық туғызып алмауы керек деген кеңес берді.

Бірақ, сонымен бірге, парламент депутаттарының кейбірі ресми Вашингтонмен арадағы байланысты қалпына келтіру үшін немесе одан да кең келіссөзге жол ашу үшін “Бағдад келіссөзінің” мүмкіндігіне назар аударып жатыр. 14-інші мамыр күні парламент төралқасының мүшесі Хоссейн Неджабат “ядролық бағдарлама” мәселесі - “тараптар бір-бірінің шарттарын қабылдаған әрбір жолы талқылануға тиісті жеке-дара тарау” дегенді ұсынды. Оның баса атап көрсеткеніндей, Иран мен АҚШ-тың арасын ажырататын “қарым-қайшылықтар көп”, олар ашықтан-ашық талдауды талап етеді. Оған мысал ретінде Неджабат Иранның АҚШ-тағы құрық салынған активтері бойынша әлі жалғасып келе жатқан дау-дамайын және Ирандағы саяси режимді өзгертуді ресми Вашингтонның ашықтан-ашық көздеуін мысалға келтірді.

Ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясаттың істері бойынша комитеттің мүшесі Талай-Никтің атап көрсетуінше, Иран мен АҚШ-тың Ирақтағы саясатының “ұштасуы” және ол бойынша кейбір келісімге келе алуы - өзге салалардағы қарым-қатынас пен қарама-қайшылықтардың “жүгін жеңілдетуге” септігін тигізуі де мүмкін. Сонымен бірге, деп ескертеді Талай-Ник, АҚШ пен Иранның Ирақтағы мақсат-мүдделерінің “стратегиялық айырмашылықтары” өзара келісуге бөгет болуы да ықтимал. Ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат істері бойынша комитеттің өзге мүшелері болса, Бағдадтағы келіссөздің Ираққа қатысы жоқ мәселелер бойынша мүмкіндіктеріне өз пікірлерін білдірді. Мысалға, Сулейман Джафарзаденің (Suleiman Jafarzadeh) мәлімдеуінше, “Бағдад келіссөзі”, негізінен, Иран мен Американың арасындағы ресми әрі ашық келіссөздің есігін ашуға тиіс. Бұл келіссөзді, деп мәлімдеді Джафарзаде, сыртқы істер министрлері жүргізуге тиіс.

13-інші мамыр күні Хешматолла Фалаһатпише (Heshmatollah Falahatpisheh) деген тағы бір депутат “алдағы келіссөздің өзі – кейбір проблеманы екі елдің ашық диалог арқылы шеше алатынын айқын көрсетіп отыр” деп атап көрсеті. Оның пікірінше, егер Иран қарама-қарсы жақтан шын ықыластың барлығын сезсе, онда “Бағдад келіссөзі” оң нәтиже беруге тиіс.

14-інші мамыр күні реформатор президент Мухаммад Хатамидің тұсында сыртқы істер министрінің орынбасары болған Мохаммад Садр: “Иранның әсіресе ядролық энергетика саласындағы талпыныстарының орындалуына кепілдік алу үшін Теһран бұл келіссөзді жан-жақты келіссөзге айналдыруға тиіс”, -деп мәлімдеді. М.Садр Ирақты “Иранның жеңіске жеткізетін картасы” деп сипаттап, “Теһран Америкамен арадағы жан-жақты келіссөзінде осы жеңіс картасын пайдаланып, өзіне тиімді нәтиже шығарып алуға тиіс”, -деп атап көрсетті.

Қысқасын айтқанда, Иран мен АҚШ-тың Бағдадтағы келіссөзі пәлендей нәтиже бермеуі де әбден ықтимал. Бірақ Иран мен АҚШ шенеунектерінің өзара өте сирек те тікелей әрі ашық байланысқа шығатын “дәстүрін” жоюға мүмкіндік те бар, уақыт та жетерлік.
XS
SM
MD
LG