Accessibility links

Орта Азияның белсенді азаматтары интернетке бет бұрды


Баспасөз бостандығына арналған хабарымыздың екінші бөлімінде Орта Азия елдеріндегі журналистер мен белсенді азаматтардың өз үндерін бұқараға жеткізу үшін интернетті белсендірек пайдалана бастағаны туралы баяндаймыз.

Орта Азия аймағындағы елдердің ресми биліктері басылымдардың еркіндігін шектеу немесе тәуелсіз радиохабарларды тарататын толқындарға жібермеу сынды цензураның жасырын түрін жиі қолданып келеді. Әйтсе де журналистер мен белсенді азаматтар өз үндерін бұқара халыққа жеткізудің Интернет сынды өзге жолдарын тауып жатыр.

Алайда, Орта Азияда интернетке қалың бұқараның қолы әлі жете бермейді. Соған қарамастан, ғаламтор желісі бара-бара жаңалық-хабарлармен алмасып отыратын ықпалды форумға айналып келеді.

Оның көп себебінің бірі – интернет - газет, теледидар немесе радио сынды үйреншікті баспасөз құралдарына зор ықпал етіп отыр. Журналистер қосымша мәлімет пен тың идея іздеп интернетке жүгінеді және кейде өздерінің басты жаңалығына немесе қайсыбір ізденісіне керекті жаңа дерек тауып жатады. «Шекарасыз тілшілер” ұйымының Париждегі өкілі Жюльен Пен осындай пікірде:

- Интернеттің Орта Азияға ықпалы әлі өте төмен. Міне, содан Интернеттің қажеті де жоқ шығар деген ой тууы мүмкін. Алайда, біз осы елдердегі көптеген жанжал мен маңызды мәселенің алдымен Интернетте шығып, ал одан соң ғана үйреншікті баспасөзден берілгенін көріп отырмыз. Оның сыры айдай анық: авторитарлық режимдер үстемдік құрған елдер ой-пікірді ешбір шектеуісіз ашық білдіруге болатын Интернеттен гөрі, үйреншікті баспасөз құралдарын оңай қадағалай алады.

Мысалға, осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанда eurasia.org.ru Интернет-газеті президент Н.Назарбаевтың шатысы бар деп айтылған “Қазақгейт” жанжалы бойынша бірінші есебін жариялады. Интернет желісі таяуда Қырғызстанда болып өткен парламент сайлауында да маңызды рөл атқарды. Қырғыз оппозициясы мен тәуелсіз ақпарат құралдарына қарайтын веб-сайттар сырт жақтың немесе жұмбақ техникалық проблемаларға тап болды. Бірнеше саяси веб-сайт жойылды.

Қырғызстандағы тәуелсіз “ResPublica” газетінің бас редакторы Замира Сыдықованың хабарлауынша, осындай веб-сайттарға бағытталған басқа шабуылдар оппозицияны жік-жікке бөлуді көздеген жалған хабарлар түрінде болды.

- Электрондық поштамен жіберілген өсек-аяңдар мен жалаларға толы хабарлар gazeta.kg, centrasia.ru және т.б. белгілі веб-сайттардан көрінді, - дейді З.Сыдықова.

Орта Азия елдерінің үкіметтері қашанға дейін Интенет-парақшаларын жөнге салып отырмақшы – ол әзірше белгісіз. Баспасөз құралдарының Халықаралық NGOs ассоциациясының директоры Эрик Джонсонның мәлімдеуінше, Орта Азия елдерінің үкіметтері Интернетке ешқашан қатаң бақылау орнатқан емес:

- Олар Интернетке алаңдайды, бірақ олар Интернетті ең басты қатер деп сезінбейді. Сондықтан да олар оған қатаң бақылау орнатуға тырыспайды. Бақылау орнатпақ болған әрекеті әлсіз әрі нәтижесіз болады.

Интернеттегі ferghana.ru ақпарат агенттігінің құрылтайшысы Д.Кисловтың айтуынша, Өзбекстандағы цензура, әдетте, белгілі бір интернет-парақшыларына ғана бағытталады.

- Олар бүкіл Интернет желісін, мысалға, ferghana.ru, centrasia.ru немесе free.uz сынды сайттарды бөгемейді. Ресми билік, әдетте, оппозицияны қолдайтын немесе конституциялық тәртіпке қатер төндіреді, не болмаса мемлекетке қарсы деп тапқан нақты мақалалардың жолын кесуге тырысады. Бірақ, ойлап қарасаңыз, аталған сайттардың кез-келгені алдына сондай мақсат қояды, - дейді Д.Кислов.

Э.Джонсонның интернетті қолданушылар үкіметтің бақылау орнатпақ болған әрекетін оп-оңай аттап өте алады. Өзбекстанда, мысалға, кейбір сайттарға жекелеген интернет-кафелерде ғана бөгет қойылған, ал қалғандарында ашық. Қазақстандық “Навигатор” интернет-газетінің бас редакторы Ю.Мизиновтың атап көрсетуінше, телекоммуникация жүйесін бақылау мүмкіндігі интернетті бақылауға да тікелей жол ашады.

- “Қазақтелеком” компаниясы “Еуразия” сайтын бөгеп отыр. Ол тек “прокси” арқылы ғана ашылады, - дейді Юрий Мизинов.

Ал Қазақстанның телекоммуникация саласында үстемдік жағдайға ие болып отырған ірі компания - «Қазақтелеком» болса мұндай айыпты жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG