Accessibility links

Масхадовтан кейін Шешенстанды қандай тағдыр күтіп тұр?


Шешен сепаратистерінің Лондондағы өкілі Ахмед Закаев Азаттық радиосына берген сұхбатында, Аслан Масхадовтың қазасынан кейін Шешенстандағы ахуал одан бетер ушыға түседі деп мәлімдеді.

Азаттық радиосына Лондоннан берген сұхбатында Ахмед Закаев марқұм Аслан Масхадов шешендердің қарсылық күресінде әсірешіл (радикалды) күштерді тізгінде ұстап келгенін ерекше атап айтты. Шешен лидерінің сейсенбі күні Толстой-Юрт ауылында Ресейдің арнайы әскер бөлімі жауынгерлерінің оғынан құрбан болғаны хабарланып, оның денесін ресейлік НТВ телеарнасы көрсетті.

Шешенстанның Толстой-Юрт ауылында Ресейдің арнайы әскери бөлімінің жүзеге асырған арнайы операцияның нәтижесінде осы сейсенбіде қаза болуынан бірнеше күн бұрын шешен сепаратистерінің лидері Аслан Масхадов, Азаттық радиосына берген сұхбатында, Кремльмен арада бейбіт бітімге келуге болатын еді деген ойын ортаға салған еді:

- Осы соғысты тоқтатуға және Ресей федерациясының президентіне шешен халқының нені аңсайтынын түсіндіруге 30 минуттық әділ де бетпе-бет диалогтің жететінін біз ұсынып келдік, әлі де ұсынып отырмыз және өзіміз де солай деп санаймыз. ...және президенттің өз аузынан оның нені көздейтінін, Ресейдің Шешенстанда нені мақсат ететінін есту үшін де... Бірақ, президент оны да білмейді деп ойлаймыз.

Аслан Масхадовтың телефон желісімен Азаттық радиосының Солтүстік Кавказ редакциясына берген бұл сұхбаты оның ең соңғы қоғамдық мәлімдемелерінің бірі болды. Бұл сұхбатын ол ақпан айында Ресей президенті Владимир Путинді келіссөзге шақыру мақсатымен 1 ай мерзімге соғыс қимылдарын біржақты доғаратынын жариялауының артынша берген болатын.

Алайда Кремль ол үндеуге ләм-мим деп сыр білдірмеді. Ал сәрсенбі күні Ресейдің ресми өкілдері Шешенстанның бұрынғы президетінің өлімін “жақсы жаңалық” деп қолпаштады. Бірақ, саяси сарапшылар оған тіпті басқаша қарайды. Масхадовтың қазасынан кейін Шешенстанда Мәскеумен тепе-тең келіссөз жүргізе алатын тұлға қалған жоқ. Өзінің орнына келетін ізбасарларына қарағанда, Масхадовтың екі үлкен артықшығы болатын.

Біріншіден, оның президент билігін шешен халқының басым бөлігі заңды деп мойындады. Өйткені, ол 1997 жылғы жалпыхалықтық сайлауда президент болып сайланды. Екіншіден, оның ақпан айындағы біржақты жариялаған бітімін негізгі шешен күштері орындады және бұл, өз кезегінде, Аслан Масхадовтың қолында қуатты билік бар екенін айқын көрсетіп берді. Сондай-ақ, жасы мен совет армиясының офицері болған бай тәжірибесінің арқасында оның Кремльге түсінікті көзқарасы болды. Мәскеуде тұратын әскери сарапшы Александр Гольц осылай деп санайды:

- Шешенстандағы қарсылық күресінің ең соңғы заңды жетекшісі өлтірілді. Екіншіден, өлген адамның советтік ділі, көзқарасы болатын. Ол советтік ділі бар адам, қанша десе де, ол советтік көзқарастағы офицер еді. Ол жантүршігерлік азамат соғысы жағдайында зұлымдық пен жақсылық жөнінде өзінің советтік түсінігінде қалуға тырысып баққан адам еді. Ол кейде қолынан келетін, көбіне қолынан келмейтін-ді.

Израильдің дүние салған бұрынғы премьер-министрі Ицхак Раббинге кезінде өзі жек көретін Палестина өкілдерімен бейбіт келісімге келуге не түрткі болды деген сұрақ қойылды. Оған И.Раббин “Сіз өзіңіздің досыңызбен бейбіт бітімге келмейсіз. Сіз ондай бітімге аса күдікті жауыңызбен отырасыз” деп жауап берді.

Көптеген саяси сарапшы Кремль мен Масхадовтың арасындағы жағдайға нақ сол мысалды лайық санайды. Олардың ортақ пікірінше, 1996 жылы Хасавюртта бірінші орыс-шешен соғысын тоқтатқан келісімге қол қойған кезінде Аслан Масхадов заңды да лайық әріптес бола алатынын байқатты. Шешен сепаратистерінің ішінен Шәміл Басаевты қоса алғанда, басқа бірде-бір дала қолбасшысы сондай рөлге лайық емес-ті. Ендігі жерде Шәміл Басаевтың көсем болып шығуы әбден мүмкін.

Басаев Шешенстаннан тыс жерлердегі бейбіт халыққа қарсы бағытталған, оның ішінде Беслан мектебіндегі оқушыларды кепілдікке алған өткен жылғы және 2002 жылғы Мәскеудегі қастандықтықтарды өз мойнына алды. Оған, сонымен қатар, Солтүстік Кавказдың басқа аумақтарында жанжал туғызбақ болды деген айыптар тағылды.

Ресейдің саяси сарапшысы Андрей Пионтковски Басаевтың билікке келуімен Ингушетия, Дағыстан және Солтүстік Осетияда байқалған шабуылдардың одан бетер үдей түсуі әбден мүмкін деп есептейді:

- Шешенстанда бізге қарсы қолданған амал-тәсілімен және көздеген мақсат-мүдделерімен ерекшеленетін екі күш шайқасып жатыр. А.Масхадов – Шешенстанға нақты мәртебені алып беру үшін күрескен сепаратистердің жетекшісі болды. Соңғы жылдары Ш.Басаев ұстанған бағытпен қарама-қатар әсірешіл исламшылдардың күші арта түсті. Оларды Шешенстанның болашақ саяси мәртебесі қызықтырмайды. Ислам әлеміндегі әсірешіл үзеңгілестері сияқты, олар да Батыс пен оның бір бөлігі деп қарайтын Ресейге тойтарыс беріп, ғаламдық ислам халифатын құру идеясы үшін арпалысуда. Масхадов – Ресейге терезесі тең қарлылас болатын және, менің ойымша, Мәскеуге лайық әріптес еді.

Телефонмен Азаттық радиосына берген сұхбатында, Аслан Масхадовтың Лондондағы өкілі Ахмед Закаев “Шешенстандағы соғыс өрши түседі; өйткені шешен сепаратистерінің әсірешіл қанатын тізгінде ұстайтын ешкім жоқ” деп атап көрсетті:

- Тактика мен амал-тәсіл өзгере ме? Өзгереді ғой деп ойлаймын және содан сескенемін. Себебі, Кремльдің жаңсақ айыптарына қарамастан, Аслан Масхадов әсірешіл күштерді тізгіндеп ұстап тұрды. Ресейдің арнайы қызметі қолданып келген амал-тәсіліне қарсы дәл сондай амалды қолдану керек деп есептеген әсірешіл топтарды Масхадов ноқталап отырды. Ендігі жерде А.Масхадовтың қазасы оларды заңды сайланған президент алдындағы басқа жауапкершіліктерін айтпағанда, тіпті моральдық жауапкершіліктен де толық босатады.

Ахмед Закаевтың хабарлауынша, сепаратистердің қорғаныс жөніндегі Масхадов төрағасы болған мемлекеттік комитеті алдағы бірнеше күн ішінде бас қосып, қаза болған лидерінің орнына кімді сайлағанын жариялайды. “Терроризм туралы” Ресей заңына сәйкес, Масхадовтың сүйегі оның туған-туыстарына берілмей, құпия түрде жерленетін болады.
XS
SM
MD
LG